Өскеменнің «Звёздный» бағбан серіктестігіне электр желісі тартылып жатыр

Облыс орталығының Жаңа Ахмер ауылына жапсарлас орналасқан «Звёздный» бағбан серіктестігіне электрмен жабдықтау желілері салынып жатыр.
Аталған серіктестік аумағында қазіргі уақытта 468 жер учаскесі, 380 баспана бар. Оларда жиыны 974 адам тұрып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қалалық әкімдік мамандарының мәліметінше, құрылыс-монтаждау жобасын іске асыруға жергілікті қазынадан 321 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
– Қазіргі кезде тірек бағаналарын орнатып жатырмыз. Барлығы 406 тірек баған орнатылып, оларға 60 Вт болатын 381 дана көше шамы орнатылмақ. Тартылатын желінің ұзындығы он шақырымнан асады. Сегіз адам жұмыс істеуде, алда тағы да жұмысшылар санын арттырамыз. Құрылыс кестеге сай жүруде, – дейді мердігер мекеме «НКО» ЖШС-нің өндіріс бойынша орынбасары Жомарт Кәрімжанов.