ШҚО: Жаңа әкімнің алдында қандай міндеттер тұр?
Фото: primeminister.kz
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысу үшін Өскемен қаласына келді.
Өңір активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов соңғы 5 жылда облыс орнықты даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік экономиканы дамыту бойынша жұмысты жалғастыру маңызды екенін айтты.
Мысалы, жаңа ұлттық жобалар аясында облыста 4,2 мың оқушыға арналған 10 жайлы мектеп және 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі салынады, сондай-ақ бір аудандық аурухананы жаңғырту жүргізіледі. Сонымен қатар ауылдық жерлерді дамыту тұжырымдамасы шеңберінде аграрлық секторды, ауылдық инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті нығайту, сондай-ақ шекара маңындағы аудандарда өмір сүру деңгейін жақсарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.
Ол сондай-ақ өңірлік экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бүгінгі таңда облыста тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және энергетика салаларының даму қарқыны жоғары. Жалпы, 28 инвестициялық жоба пысықтау сатысында. Бұл ретте Премьер-Министр ШҚО экономикасын одан әрі әртараптандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек, әкімдіктің негізгі міндеттерінің қатарында тұрғындарды ауызсумен және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, сондай-ақ жергілікті жолдардың сапасын арттыру мәселесі тұр.
Сонымен қатар Премьер-Министр жылумен қамту мәселесін шешу тақырыбын қозғады.
Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық ахуал да үлкен алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, Өскемен бүгінде еліміздің экологиялық жағынан ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Сондықтан зиянды қалдықтарды азайту және табиғатты қорғау іс-шараларына инвестицияларды ұлғайту үшін өнеркәсіптік объектілерді жаңғырту қажет.