Самарлықтардың шағымы: әкімдік не дейді?
Самар ауылдық округінің әкімдігі тұрғындардың шағымына жауап берді.
Самар ауылында көшелерді жарықтандыру жұмысы жуық арада басталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Самар ауылының тұрғындары жарықтандыру жұмыстарына қатысты шағым айтты.
«Самар аудан мәртебесіне қайта ие болғанда бәріміз ауыл қайта түлейді деп үміттендік. Алайда ешбір оң өзгеріс байқалмайды. Тас қараңғы көшелерде қолшамсыз жүру мүмкін емес», - деп жазды аудан орталығының тұрғындары Instagram-дағы SAMARnews парақшасында.
Самар ауылдық округі әкімдігі Болғанбаев, Шарабарин, Астана және Бөкетов көшелерін жарықтандыру қыркүйек айында басталатынын мәлімдеді.
«Еуразиялық қайта құру және даму банкі арқылы 216 млн теңгеге жарықтандыруды қайта жаңарту, яғни Самар ауылы бойынша барлық шамдарды толық ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ ескі тіректер мен кабельдер ауыстырылады», - деді Самар ауылдық округінің әкімі Марат Дюсупов.
Ауыл тұрғындары Горохов және Береговая көшелерінде де жарық жоқ екенін айтқан еді. Бұған қатысты округ әкімі:
«Самар ауданының ТҮКШ бөлімі 45 млн теңгеге жаңа жарықтандыру тіректерін орнату бойынша конкурс өткізуде. Конкурс аяқталып, мердігер белгілі болғаннан кейін жұмыс басталады. Бұл көшелер жарық тіректері орнатылатын көшелердің тізіміне енгізілген», – деп мәлімдеді.