Мирас Ерболов Чехиядан жеңіспен оралды

Төр Алтайдың талантты ұлы ән әлеміндегі бірқанша биікті бағындырып келеді.
Катонқарағайлық жас әнші Мирас Ерболов Чехиядан бас жүлдемен оралды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл әншіні халық әндерінің әуезіне тербеліп өскенін жұрт біле бермеуі мүмкін. Алайда жастарға аты таныс әнші өңірдің намысын елімізде, еліміздің намысын шетелде қорғап жүр. Ол Прага қаласында өткен «Diamonds voice» атты дәстүрлі халықаралық байқауында бақ сынаған. Талантты әнші жиырмаға жуық өнерпазбен бірге өнер көрсетіп, жеңіске жеткен. Осыған дейін бұл байқауда 2014 жылы Мархаба Сәби есімді еліміздің әншісі жүлдегер атанған екен. Ал биылғы жеңісті жыл басында өткен «Х-Фактор» шоуының тоғызыншы маусымының жеңімпазы атанған Ербол қанжығалап келіп отыр.
Бұл байқауға Словакия, Австрия, Латвия, Молдова қатарлы бірнеше елдің өнерпаздары қатысқан. Әлемдік музыка әлемінің биігін бағындырып, жаһан жұртының көңілінен шығу үшін талант керек. Ел әншілерінің аталған байқаудан жеңіспен оралуы – Қазақстанда таланттар көп екендігінің дәлелі. Бір қызығы, талантқа баға беретін жұрт шоуға көп көңіл бөлмейтін көрінеді. Десе де байқаудың өзіндік шарттары бар.
Шетелде өтетін байқауларға қатысу үшін қаражат пен қолдау керек екені белгілі. Бұл байқауға бару үшін Ерболға жеке тұлға көмектессе, облыстық мәдениет басқармасының өкілдері байқаудан кейін көмектесетіндерін айтқан.
Осылайша, Төр Алтайдың талантты әншісі талайды тамсандырып, таңдай қақтырып жүр. Ұлы өнерді ұстаздықпен қатар алып жүрген әнші Алматыда музыкалық студия ашып, шығармашылықпен айналысып жатқанын айтады.