KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Өскеменде зауыт жұмысшылары жыл басынан бері жалақысыз жүр

шартты сурет: turkystan.kz

10.07.2023, 17:13 185 Оразай Жеңісұлы

Өскемендегі электр техникалық құрылғылар шығаратын зауыт жұмысшылары жыл басынан бері жалақысын ала алмай жүргеніне наразылық білдірді. Айтуларынша, алып компанияның қызметкерлері алдындағы қарызы 300 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлады 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Жалақы төлемейді. Зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру төлемдерін төлемегелі қашан?! Соның кесірінен емханаға бара алмаймыз. Дәрігерлер қабылдамайды. Халықты қаншама жылдан бері алдап келеді", – деді жұмысшы Елена Рябченко. 

"Кэмонт" компаниясының жұмысшылары жыл басынан бері барлық органға шағымданып келе жатқанын айтады. Тіпті қолдарында серіктестік басшылығының қызметкерлердің жалақысын төлеуге міндеттелгені туралы сот шешімі де бар екен. Сонда да компания өкілдері бір тиын да төлемеді деп ашулы. 

"Мен жалғызбасты анамын. Екі баламды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Пәтер жалдап тұрамын. Пәтер ақысын төлей алмағандықтан бізді далаға қуып жатыр. Сонда мен не істеуім керек?" – деді жұмысшы Марина Егорова. 

Ал "Кэмонт" компаниясының басшылығы жұмысшылардың еңбекақыларын төлеуден қашпаймыз, тек серіктестіктің шоттары бұғатталғандықтан қарыздарымызды өтей алмай келеміз дейді. 

"Пандемия кезінде компания қиыншылықтарға тап болды. Қазір қарыздарды төлей алмаған соң есепшоттарымыздың бәрі бұғатталды. Енді біз жалақыны қалай төлеуіміз керек? Жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, біз біртіндеп қарызымызды өтейміз", – деді "Кэмонт" АҚ бас директоры Елена Беленцева. 

Мемлекеттік еңбек инспекциясы да бұл мәселеден хабардар. Бірақ мәселені шешуге қауқарсыз екендерін мойындайды. Жұмысшылар бұл істі соңына дейін жеткізу үшін араға облыс басшылығы мен Еңбек министрлігінің араласуын сұрайды. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив