Елімізде Ұлттық қор қаражатына тәуелділік азайып келеді
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz
Елімізде Ұлттық қор қаражатына деген тәуелділік уақыт өткен сайын азайып келеді.
Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бюджет тұрақтылығына қол жеткізу және Ұлттық қордан жыл сайын алынатын трансферттерге деген тәуелділіктен арылуды қатаң міндеттеген болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Қаржы нарығындағы тұрақсыздық пен рецессия қаупі кезінде бұл тапсырманы орындау көпшілікке қиын болып көрінгені рас. Дегенмен, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізе білген ел Үкіметі тепе-теңдік нүктесін сақтап қала алды.
Әзірге қол жеткен жетістіктер көзге соншалықты көріне қойған жоқ. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың бірінші жартысында Ұлттық қордан берілетін трансферттер небары 1,1 пайызға ғана төмендеп, 54,1 миллиард теңге болды. Дей тұрғанмен мұның өзінен-ақ оң динамика байқауға болады. Яғни бұған дейінгі уақытта болашақ ұрпақ қорынан алынатын қаражат үнемі динамикалық өсім көрсетіп келген еді.
Жұмыстар осылай жүйелі түрде жүргізілсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіштің төмендеуі айқын көрініс беретіні белгілі. Ұлттық қордан қаражат алудың тек кризистік кезеңде ғана мүмкін екенін талап еткен Президент өз шешімімен бұған дейін дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан мәселені біржақты етті. Ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қоя отырып, инфрақұрылымдық жобаларға, әлеуметтік, мәдени, спорт нысандарын салуға құйылатын жеке капитал ағынын жеңілдетіп, бюджет кірістерін едәуір ұлғайтты.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазынаға қосымша құн салығының өзінен ғана кіріс өткен кезеңдерге қарағанда 33,6 пайызға артық түсті. Атап айтсақ, қазына 333,2 миллиард теңге сомаға толықты. Корпоративтік табыс салығынан кірістер 18,4 пайызға өсті. Жалпы алғанда, 2023 жылдың алғашқы үш айында бюджет мөлшерін 5,57 триллион теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 767,3 миллиард теңгеге артық кіріс кіргізуге мүмкіндік туды.