ШҚО-да балық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінген
Келер жылдың басында облыс су қоймаларында шарбақты тоған шаруашылығы тәсілімен балық өсіруге арналған екі телім бойынша мемлекеттік конкурс өткізіледі.
Бұқтырма су қоймасының бойындағы бұл учаскелердің бірі Самар ауданында, екіншісі Алтай ауданында орналасқан. Облыс кәсіпкерлері аталған телімдерге шарбақты тоған шаруашылықтары қондырғыларын қойып, жаңа кәсіп көзін тауып, балық өсірумен, сатумен айналыса алады, деп хабарлайды Алтайнюс тілшісі.
- Мемлекеттен балық өсірушілерге қойылып отырған талап біреу-ақ - тауарлы балық өсірумен айналысу, оны дамыту. Қазір бұл саладағы бюрократиялық, әкімшілік кедергілердің бәрі жойылды. Кәсіпкер балық өсіруге қажетті шабақ сатып алса, кеткен шығынның 25 пайызы субсидиямен қайтарылады, балықты өңдесе, оған кеткен шығынның да 25 пайызы қайтарылады. Жем сатып алса 30 пайызы қайтарылады. Биыл балық өсірушілерге бөлінген субсидия қомақты. Бұрын-соңды мұндай қаржы бөлінген жоқ, - дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжанов.
Балық шаруашылығына мемлекеттік субсидия 2021 жылдан бастап беріле бастады. Биыл облыс бюджетінен өңірдің балық өсірушілеріне 180 млн, республика бюджетінен 540 млн теңге субсидия бөлінген. Осы республика бюджетінен бөлінген қаржының бүгінге дейін 50 млн. теңгесі ғана игерілген. Қалған қаржыны игеретін шаруашылық табылмаған.
Жыл аяғына дейін Күршім ауданының Бұқтырма су қоймасындағы бір телімге, Алтай ауданындағы бір телімге, Ұлан ауданындағы үш телімге кәсіптік балық аулау бойынша конкурстар өткізілмек.
Жанаргүл Мұқатай