Өскемен-Риддер жолы 43 шақырымға қысқарады
фото: iftravel.ru
ШҚО-ның Тарханка ауылынан Топиха ауылына дейінгі учаскені салу және қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жақында ол сараптамаға жіберіледі.
Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов атап өткендей, автожолды ғана емес, сонымен қатар көпірлерді де салу және қайта жаңарту қажет болады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Автожол темір жолға жақындаған жерде, Топиха маңында бұрғылау-жару жұмысы жүргізіледі. Бірақ ол көп емес және бұл тоннель жасаудан арзанырақ. Егер сараптама биыл дайын болса, келер жылы қаражат бөлуге өтініш беруге болады, – дейді Нұржан Жұмаділов.
Жол бірлесіп қаржыландыру шеңберінде салынатын болады: қаржының 90%-ы республикалық бюджеттен, 10%-ы облыстық бюджеттен бөлінеді.
Жаңа жол ашылғанда Өскеменнен Риддерге дейінгі арақашықтық 43 шақырымға қысқарады.