Күршімнің шағын көлдерінде балық шаруашылығын дамытпақ
Балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырған Күршім ауданы Зайсан көлі мен Ертістің байлығын еселеп ғана қоймай, өңірдегі өзен-көлдерді де ел игілігіне жаратуды көздейді.
Ойға алған жоба сәтті іске асып жатса бұл саланың әлеуеті артып, көкжиегі кеңейе түспек.Өскемендегі дәстүрлі жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің түр-түрін әкелген күршімдік шаруалар базаршы жұрттың дені балық іздеп келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әр сенбіні асыға күтетін өскемендіктер бұл күні де әдеттен жаңылған жоқ, таң қылаң бере қаладағы сауда орындарының біріне қарай ағылды. Ол жақта бүгін жәрмеңке өтетінін біледі өйткені. Күршімнен керуен келе жатыр дегенді күнібұрын естіп, хабардар болған. Ет пен сүтті, бал мен балықты, сары май, құрт-ірімшікті осы жерден арзанға сатып алмақ. Күн көкжиектен арқан бойы көтерілгенде жәрмеңкені бетке алған қауымның қарасы молайып, сауда қыза бастаған.
Күршімдіктер балықтан басқа жәрмеңкеге 5 тоннадан астам мал етін, 90 келідей сары май мен 45 келі ірімшік әкеліпті. Сондай-ақ базардың сәнін келтірген бал мен шеберлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары да самсап тұр.
Оның сөзінше, Күршім өңірінде төрт түлік малды өсіріп, тұқымын асылдандырумен қатар көл байлығын көбейтуге де маңыз берілген. Зайсан көлі мен Ертісті айтпағанда бұл ауданда игерілмей жатқан шағын көлдер аз емес көрінеді. Міне осыларды қолға алмақшы.
Балық шаруашылығының бабын тапқан Шығыс Қазақстанда биыл көл байлығын аулап, өсіруден жоғары межеге қол жеткізді. Ал ауланған балықты халықаралық стандарттарға сай өңдеп, көрші Қытай мен Ресейге, сондай-ақ Еуропаға экспорттап жатырмыз.
2030 жылға қарай Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын 10 мың тоннадай тауарлы балық алу жоспарда бар. Оның ішінде 8 578 тонна албырт, 1 151 тонна тұқы және 45 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері өндірілмек.