Тарбағатайдың тумалары ауданды түлетуге атсалысып жатыр
Қайтадан құрылып, қайта түлеген Тарбағатай ауданын дамытуға ауданның тумалары да үлкен қолдау көрсетіп отыр.
Бұл туралы баспасөз мәслихатында Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кезінде Мәскеу қаласында өнер көрсеткен Ақжар халық театрына биыл 60 жыл толды. Ауданда театр өнерін өркендетіп, кәсіби деңгейде өнер көрсететін «Ақжар» эстрадалық ансамблі жұмысын қайта жандандыру жұмыстары қолға алынып жатыр.
Ауданның мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуына аудан түлектері, тумалары да өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Бауыржан Қожахметов Маңырақ ауылына жалпы сомасы 300 млн теңге болатын спорт кешенін салып берген.
Ақжар ауылына медресе салып берген Дарын Шалғынбаев осы ауылдағы балалық шағы өткен көпқабатты үйдің алдына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, көріктендірген.
Ағайынды Ахметовтар ауданда еркін күрестен Республикалық турнир өткізсе, Жетіарал ауылына ағайынды Маликовтар футбол алаңын жерлестеріне тарту етіп, құны 40,0 млн. болатын «Болат баба» саябағын салды.
«Қайқы баба» ұрпақтары өз қаражаттарына Ақжар ауылынан шағын футбол алаңын ашқан. Сайхановтар әулеті аудандық спорт мектебі алдына өз қаражатына ескерткіш орнатып, облыстық турнир өткізген.
Жанаргүл Мұқатай