KZ
Өскемен
-20°
пасмурно жел 5 м/с, З
522.42 543.89 5.28

Өскемендік ерекше балалар Аяз атаның үйіне барды

13.01.2024, 15:00 246

Өскемендегі ерекше балалар үшін бүгінгі күн шадыман шаттықа толы болды.

«Асыл мирас» орталығында, «Ақ ниет» мектеп-интернатында тәрбие, білім алатын, қаланың тағы да бірнеше мектебі мен орталықтарындағы инклюзивті оқыту сыныптарында оқитын ұл-қыздар мен олардың ата-аналары аймақ басшысымен бейресми жағдайда жүздесті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Алдымен кішкентай қонақтарды Аяз ата өз резиденциясының алдында қарсы алды. Былтыр Жаңа жыл қарсаңында қалада  алғаш рет ашылған Аяз атаның үйі алдында балалар өздері жақсы көретін әйгілі «Робокор Поли» мультфильмі кейіпкерлерін кездестірді, әр кейіпкердің жанынан табылғанына мәз болып, оларды қол шапалақтай қарсы алды. Сүйікті кейіпкерлерімен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды.


Балақайлар Аяз ата, Ақшақар,  ертегі мен мультфильм кейіпкерлерімен бірге ән салып, би билеп, мейірім мен қуанышқа бөленді. Қонақтар арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Балалардың өздері де құр келмепті. Даниал Ғабдылқақов пен Радмир Ринатұлы ата-аналар мен оқушылардың алдына шығып, ән шырқады. Өскемендегі №19 мектептегі арнайы сыныпта оқитын Радмир «асыл арманым - мынау жарық дүниені  көзіммен көру!» деді тебірене бізбен әңгімесінде. Анасымен еріп келген Радмир 7- сыныпта оқиды. Кішкентайынан көзінің көру қабілеті дамымай қалған. Осы уақытқа дейін көз жанарына сегіз ота жасатқанымен, ол жарықты ғана көре алады. Мынау балалықтың базарлы шағын, анасының ақ жүзін, шуақты күнді, жайқалған гүлді көзімен көру - Радмирдің Жаңа жылда тілеген ақ арманы.   


Балалардың ерекше қойылымына куә болған облыс әкімі Ермек Көшербаев Аяз атаның үйіне кіріп, балалардың әрқайсымен жақын танысып, көрсеткен өнерлеріне ризашылығын білдірді. Балдырғандармен және олардың ата-аналарымен емен-жарқын сөйлесіп, ақжарма тілегін айтты. Кездесу барысында денсаулығында кінәраты бар балдырғандарға білім алу мен медициналық көмектің қолжетімді болуы, мәдениет мекемелеріне бару, бейімделген денешынықтыру және емдеу шараларына қатысу сияқты мәселелер тілге тиек етілді.


Аяз атаның үйіндегі ақ тілектер жәшігін бүлдіршіндер өздерінің арман, тілектері жазылған хаттарға толтырды. 

- Өскемен қаласында 1074 ерекше бала арнайы сыныптар мен мектептерде, орталықтарда тәрбие, білім алып жатыр. Бүгінде көру, есту, сөйлеу қабілеті нашар, психикалық дамуы тежелген, басқа да туабітті аурулармен ауыратын ерекше балаларды оқытуға айырықша көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын қалада ерекше балаларға арналған арнайы сыныптар көп ашылып жатыр. Осындай қамқорлық олардың дамуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне айтарлықтай септігін тигізіп, нәтижесін беруде. Балалардың бір тобы бүгін жаңадан ашылған Аяз атаның үйіне келіп, ғажап бір әсер алып қайтып барады, - деді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагузова.  

Расында да бұл күн балалардың есінде қалатындай ерекше кеш болды. Шарада балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар мен тәттілер табысталды. 

Өңір басшысымен болған кездесуден балалар естен кетпес тамаша әсер алды. Ал ата-аналар қауымы мұндай жарқын жүздесулер Аяз ата үйінде апта сайын ұйымдастырылып тұрса және оған облыстың түкпір-түкпірінен жеткіншектер жиналса бұл оларды қанаттандырып, жетістікке жетуге жетелей түсер еді деген өтініш-тілектерін жеткізді.


Жанаргүл Мұқатай

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу