«Торпедоға» төтеп бере алмады
Облыс орталығындағы Спорт сарайы, әдеттегідей, хоккей жанкүйерлеріне толы еді. Иә, өскемендік «Торпедоның» кезекті матчы. Қарсылас та азулы – қарағандылық «Сарыарқа». Негізі қос команда плей-офф кезеңіне өтіп үлгерген. Дегенмен ойын тартысты басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алина Дорош есімді жас жанкүйер шайбаны ортаға тастағанда, айдын қожайындары бірден шабуылға лап қойды. Торуылдаған «Торпедо» алмай қоймады. Андрей Лагуновтың «жолдаған» шайбаны Александр Архипов қарсылас қақпасына тоғытып, есеп ашқан. Содан кейін Александр Архипов пен Андрей Лагунов шеберлік танытып, Саян Даниярдың қақпашымен бетпе бет шығуына ыңғай жасады – 2:0. Дмитрий Белохонов болса Евгений Сулимовты адаспай тауып, нәтижелі пас берген. Таблодан 3:0 деген есеп көрінгенде, бірінші кезең де аяқталды.
Кейінгі кезеңдерде де өскемендіктер өрнекті ойын көрсетті. Қонақтар алты шайбаға бір шайбамен ғана жауап қата алды.
Ал өскемендік клубтың бас бапкері қақпашы Андрей Янковтың ойынына жоғары баға берді.
Өскемен «Торпедосы» 11 ақпанда Көкшетауда «Арланмен» айқасады.
Суреттер: Аяужан Утеулинова