Қазақстан Ертіс өзенінде кеме қатынасын дамытуды жоспарлап отыр
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев Ертіс өзенінде кеме қатынасын дамыту және Қазақстан, Ресей мен Қытайды байланыстыратын жаңа логистикалық хаб құру бойынша ауқымды жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеме қатынасын дамытудың басты бағыты – 2026 жылы Тұғыл ауылында өзен портын салу, мультимодальды тасымалдау мен шекара маңындағы туризмді дамыту.
Министрдің айтуынша, Зайсан өңірін шекара маңындағы туризм мен сауданың маңызды орталығы ретінде дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі уақытта бұл аймаққа жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Алайда әуежайдың іске қосылуы және инфрақұрылымның жаңғыртылуы нәтижесінде туристік ағын 136 мың адамға дейін артады деп болжануда.
Инфрақұрылымдық жобаның басты элементтерінің бірі – 2026 жылы Тұғыл ауылында өзен портын салу. Алғашқы кезеңде жүк автокөлікпен портқа дейін жеткізіліп, одан әрі су жолы арқылы Ресейге жөнелтіледі.
Алдағы уақытта Қазақстан бұл бағытты «Қытай – Қазақстан – Ресей» мультимодальды логистикалық жобасына интеграциялауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Тұғыл портын Қытайдың теміржол желісімен байланыстыратын төртінші теміржол өткізу бекетін салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бастапқыда жүк тасымалының көлемі 2 миллион тоннаны құрап, кейін 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Ертісте кеме қатынасын дамытуға айтарлықтай инфрақұрылымдық инвестициялар қажет. Көлік министрлігі су жолының өткізу қабілетін арттырып, жыл бойы кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін гидротехникалық нысандар салуды, өзен арнасын тазалауды және тереңдету жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Қазақстан Ертісте толыққанды кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша Қытай және Ресей серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Жобаға Омбы облысы мен Қытай Халық Республикасының ғылыми-зерттеу институттары тартылды. Ағымдағы жылдың мамыр айында министрлік деңгейінде кезекті келіссөздер өткізу жоспарлануда.
Ертісте кеме қатынасын дамыту, Тұғыл ауылында жаңа порт салу және Шығыс Қазақстандағы көлік инфрақұрылымын кеңейту экономикалық өсімнің және халықаралық сауданың басты қозғаушы күштерінің біріне айналуы мүмкін. Қазақстан мультимодальды тасымалдарға басымдық беріп, көрші елдермен байланыстарды нығайту арқылы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздеп отыр.