Зайсанда қарттар дойбы, шахмат және теннис ойнап сайысқа түсті
Шығыс өңірінің қала-аудандарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы жалғасып жатыр. Зайсан ауданының ауылдық округтеріндегі осындай орталықтарда қарттар арасында сайыс өтіп жатыр.
Мәселен, Қарабұлақ ауылында қарттар дойбы, шахмат және үстел теннисін ойнап, күш сынасып көрді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Қарабұлақ ауылдық округінде қарттар демалысын ұйымдастыру мақсатында дойбы, шахмат ойындарынан жарыс өтті. Жарыс жеңімпаздарын округ әкімі Айдар Қадылбекұлы мадақтамалармен, сыйлықтармен марапаттады, – деп жазды Зайсан ауданы әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін бірнеше аудан мен қалада Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылғанын жазған болатынбыз. Қазыналы қарттарымыздың белсенді де салауатты өмір салтын ұстануына арналған коворкинг орталықтар қазір Өскемен қаласында, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Ұлан, Алтай және басқа да аудандарда жұмыс істеп тұр.