KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
521.81 543.67 5.05

Өскемен өркен жайып келеді

Кеше, 08:00 71 Гульжан Мусина

Өскемендегі жаңадан салынған Ілияс Есенберлин даңғылы ескі қаладан ЖМК шағын ауданына дейінгі жолды біршама қысқартты. Үлбі өзені бойында, Абай мен Шәкәрім даңғылдарының тоғысында жаңа абаттанған жағалау пайда болды. Қалада мектептер мен медициналық мекемелерді салу және жаңғырту, сондай-ақ жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі. 

ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Биыл Өскеменде жаңа Есенберлин даңғылы іске қосылды, ол ЖМК шағын ауданын және жалпы алғанда Сол жағалаудағы агломерацияны облыс орталығының тарихи бөлігімен қосымша байланыстырды. Бұл көлік қозғалысын едәуір жеңілдетті. 

Жаңа тұрғын үй кешені драма театрының артында орналасқан Нұрлы жол шағын ауданында көз алдымызда бой көтерді. Сол жерде 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. 

– Осындай білім беру нысандарының желісі 186 мекемеден тұрады, – деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінің мамандары. – Олардың ішінде 15 190 баланы қамтитын 103 мектепке дейінгі ұйым бар. Жалпы тізімде 37 мемлекеттік балабақша, 51 жеке меншік балабақша және балақайларға арналған 15 шағын орталық бар. 

Сонымен қатар қалада 49 863 оқушы білім алатын 56 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарына 49 жалпы білім беретін мектеп, 3 жеке меншік мектеп, 2 түзету мекемелерінің жанындағы кешкі мектеп және 2 түзету оқу мекемесі енеді. 

– Қалада қосымша білім беретін 7 ұйым бар. Олар жалпы алғанда 15 702 баланы қамтиды, – деді әкімдік өкілдері. – Облыс өнеркәсібінің қажеттіліктерін ескере отырып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін 20 кәсіптік білім беру ұйымында 14 970 студент техникалық мамандықтар бойынша білім алады. 

Қаланың билік өкілдері ерекше қажеттіліктері бар балаларды назардан тыс қалдырмайды, 8 арнайы білім беру мекемесінде 836 бала оқиды. 

Облыс орталығындағы білім беру жүйесі үшін маңызды көрсеткіштердің бірі – үш ауысымды және апатты мектептердің толықтай болмауы. Сонымен қатар қалада заманауи білім беру нысандары салынып, ашылуда. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» атты пилоттық ұлттық жоба жүзеге асуда. Осы жоба аясында тек Өскеменде үш бірдей мектеп салынып жатыр. Олар – Жұмаш Уәлиев көшесіндегі 600 орындық, Есенберлин даңғылындағы 600 орындық, Бабкина мельница шағын ауданының Тимофеев көшесіндегі 300 орындық мектептер. Атап айтқанда, Жаңа жыл қарсаңында Уәлиев көшесіндегі мектептің құрылысы аяқталды. 

Айта кету керек, негізінен жастар қоныстанған келешегі зор жаңа шағын аудандарда демографиялық өсім байқалады. Қолданыстағы мектептердің жүктемесі шамадан асады, ал жаңа білім беру нысандары қазіргі оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. 

БАЛАБАҚШАҒА КЕЗЕК БОЛМАЙДЫ 

Облыс орталығында болашақ оқушыларды мектепке толыққанды дайындауға қатысты маңызды мәселелер біртіндеп шешілуде. 

– Өскемен қаласында 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 100 пайызды құрады, – деп хабарлады қала әкімдігінен. – Ал 2-6 жас аралығында бұл көрсеткіш 98,7 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда 2-3 жас аралығындағы 1 430 бала кезекте тұр. Қолданыстағы тапшылықты азайту мақсатында жалпы саны 679 орындық 11 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда. 

Сонымен қатар биыл білім беру нысандарын тиісті деңгейде ұстау үшін №2 жалпы білім беретін мектеп пен математика, физика және информатика салаларында дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-лицейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қала шегіндегі және облыс орталығына қарасты ауылдық елді мекендердегі 14 мектеп пен балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. 

Мұғалімдер мемлекеттік тілді дамытуға үлкен көңіл бөлуде, бұл ретте оларға ерекше бағдарламалар мен бастамалар көмекке келеді. Атап айтқанда, өңірде танымал «Қонақжай отбасы» жобасы жүзеге асуда. Осы жоба аясында Өскемен қаласынан 24 бала Катонқарағай ауданындағы отбасыларда тұрып, қазақ тілін меңгерді. 

МЕДИЦИНА САЛАСЫНА ЖІТІ КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

Биыл Өскемен қаласының денсаулық сақтау саласында бірқатар маңызды оқиғалар болды: жаңа техника алынып, шетелдік әріптестердің қатысуымен бірегей операциялар жасалды, жаңа бөлімшелер ашылды. 

– Қалада медициналық көмек 72 мекеме арқылы көрсетіледі, – деп атап өтті қала әкімдігі. – Олардың ішінде 15 аурухана, 55 амбулаториялық-поликлиникалық ұйым, бір фельдшерлік-акушерлік пункт және бір медициналық пункт бар. 

Қаланың экологиялық жағдайын ескере отырып, осы бағытта оң өзгерістер байқалады. Мысалы, қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші 4,8%-ға төмендесе, мұндай диагнозбен тіркелген науқастар арасындағы өлім-жітім 0,8%-ға азайды. 

Сонымен қатар қан айналымы жүйесі ауруларының статистикасы бірден 33%-ға төмендеген. Көңілге қуаныш ұялататын жайт – нәресте өлімі 39,5%-ға азайып, тірі туған мың баланың есептік көрсеткіші бойынша 4,6 жағдайды құрады. Ең маңыздысы – қалада осы жылы ана өлімі тіркелмеген. 

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында Өскемендегі жеті медициналық ұйымға жылдың соңына дейін жалпы құны 2 миллиард теңгеге жуық 96 дана медициналық құрал-жабдық жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ биыл бес медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі денсаулық сақтау нысанын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қарастырылған. 

Дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін 146 төсек-орындық көпсалалы Гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Жоспар бойынша, орталық молекулярлық-биологиялық зертхана, генетикалық зертхана және діңгек жасушаларын өсіру зертханасымен жабдықталады. Бұл диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында Ахмер ауылында ауысымына 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория және төрт орындық күндізгі стационар салу жобасы әзірленген. Жоспарланған құрылыс үшін Жаңажол көшесіндегі жергілікті мектептің маңынан жер телімі бөлінді. «Oskemen Build» мердігерлік ұйымы қажетті жер жұмыстарының бәрін аяқтап, іргетасын құю кезеңіне көшуді жоспарлап отыр. 

ЖОЛ ЖЫЛЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР 

Өскеменде Славский атындағы Ертіс жағалауының жанынан тағы бір көрікті орын пайда болды. Қыркүйек айында Өскемен қаласының сегізінші жоспарлы ауданында, Абай және Шәкәрім даңғылдарының түйіскен жерінде Үлбі жағалауының ашылуы өтті. Бұл жаңа орын қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. 

– Жібек Жолы көшесінен Алматы бағытына қарай созылған автожол мен Базовая көшесінің реконструкциясы аяқталды, – деп хабарлады қала әкімдігі. – Сонымен қатар Сәтпаев даңғылы мен Жібек Жолы көшесі, Славский атындағы жағалау мен Пермитин көшесі қиылыстарында көлік айрықтарын салу жұмыстары жалғасуда. 

Айта кетсек, бұл локациялардың барлығы бұрын көлік кептелісін тудыратын жерлер еді. Ертіс көпірі арқылы күн сайын қалаға мыңдаған автокөлік кіріп-шығады, сол себепті көлік ағымын оңтайландыру жұмыстары жалғаса бермек. Қалада қиылыстардағы қозғалысты жеңілдету үшін жеті жаңа оң жақ бұрылыс салынды, бұл жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге оң әсер етті. 

– Бүгінгі таңда 52 қоғамдық көлік маршруты қызмет көрсетеді, – деп мәлімдеді әкімдік. – Оның ішінде автобустарға арналған 40 маршрут, шағын автобустарға – 9, ал трамвайларға – 3 маршрут бар. Барлығы 395 көлік күнделікті қызмет етеді: 304 автобус, 68 шағын автобус және 23 трамвай. 

Жолаушылар тасымалы жүйесін жаңғырту аясында көлік паркі жаңартылуда. 2021 жылы 18 автобус, 2022 жылы 53, ал 2023 жылы 42 автобус сатып алынды. Осы жылдың соңына дейін тағы 66 автобус пен 34 шағын автобусты алу жоспарланған. Бұл жол қауіпсіздігіне, қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін арттыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. 

Тайыр Сапарғалиев 

Аударған – Ержан Әбіш

Фото: Аяужан Утеулинова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу