Абай облысындағы бір ауыл жылусыз отыр
pixabay.com
Шуақ ауылының қазандығы істен шығып, бүкіл ауыл халқы бірнеше күннен бері жылусыз қалған.
Шуақ ауылында 600-ден астам адам бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
4 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген жаңа жылу нысаны аязды күндері сыр берген. Қазір елді мекен тұрғындарының дені үйлерін тастап, жақын ауылдарға, қалаға туыстарын паналап кеткен. Ал мамандар қатып қалған құбырларды жылытып, қосалқы қазандықты іске қосса да, жағдай әлі толық реттелмей тұр.
Қазір үйлердің жертөлелеріндегі құбырларды күні-түні қыздырып, жылытып әлек. Суыққа шыдамай, пәтерін жауып кеткен тұрғындардың үйлерінде құбырлар жарылып, қатып қалған.
Бірнеше күнен бері 50-ден астам адам, қазандықты қалыпқа келтіреміз деп жанталасып жатыр. Жылу нысанында негізгі қолданыстағы қазандық бұзылған соң, қосалқысын іске қосқан. Бірақ ол елді мекендегі негізгі жылу жүйесін қатырмай тұруға ғана қауқарлы сияқты.
Шуақ ауылында тұрғын үйлер мен білім мекемелерінен бөлек, әйелдер колониясы бар. Түзеу мекемесінде де қазір жылу жоқ. Жағдай қашан толық реттелетіні беймәлім. Қазандық қалпына келгенмен, көптеген пәтердің ішкі жүйелерін мұз кеулеп, жарылып жарамсыз күйде қалған.