Ерекше қажеттіліктері бар балалар Шемонаиха ауданындағы шипажайда ем қабылдады (видео)
Выдриха ауылындағы "Уба" шипажайына облыстың әр өңірінен ерекше қажеттіліктері бар балалар жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен өңірдегі шипажайларда ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту курстарынан өткізу бойынша пилоттық жоба қолға алынған. Ең алғашқы болып балаларды Алтай ауданындағы Грехово ауылындағы мамандандырылған орталық қабылдаған болатын.
Ал ақпан айының соңында тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық аурулары бар балалар мен олардың туыстары алғаш рет демалуға және денсаулығын жақсартуға «Уба» шипажайына келген. Мамандар балаларға қажетті жағдайдың барлығын жасады. Әр бала үшін жеке ем-дом бағдарламасы әзірленіп, тамақтану жүйесі ойластырылды.
Алғыс айту күніне орай шипажай ұжымы мен аудандық мәдениет үйінің әртістері қонақтарға арнап мерекелік концерт ұйымдастырды. Балалар әншілермен қосыла ән шырқап, би биледі. Әсіресе анимациялық бағдарлама мен үлкен қуыршақтар балаларға ерекше қуаныш сыйлады.
Тіпті, қонақтардың бірі – 13 жастағы Матвей Чувашов та ән шырқады.
Кеш соңында Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов әр балаға естелік сыйлықтарын табыстады.