Үйді жер сілкінісінен сақтандыру көбейді
сурет: nsk.kz
2024 жылдың алғашқы екі айында жеке тұлғалар жер сілкінісі және басқа да апатты тәуекелдер кезінде 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Naryk.kz сілтеме жасап.
Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тек 482 нысан сақтандырылып, биыл өткен жылмен салыстырғанда 77,3 пайызға өскен. Жеке тұлғалардың мүлікті сақтандыру деңгейі бүкіл ел бойынша әлі де төмен.
«Бүгінгі күні Қазақстанда барлық жылжымайтын мүліктің 2%-дан азы сақтандырылған. Еліміздің 40 пайызға жуығы сейсмикалық аймақта орналасқанымен, азаматтар сақтандырудың маңыздылығына әлі де мән бермейді. Қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісі көпшілікті полис сатып алу туралы ойлануға мәжбүр етті, соған қарамастан біздің байланыс орталығына хабарласқандардың 6-7 пайызы ғана келіп, мүлкін сақтандырды», – деп түсіндіреді «Евразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.
Сонымен қатар, бизнес жылжымайтын мүлікті апатты тәуекелдерден қорғауға жауапкершілікпен қарайды. Қаңтар-ақпан айларында заңды тұлғалар арасында апаттық тәуекелдерден мүлікті сақтандыру шарттарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өскен.
2023 жылдың екі айында заңды тұлғалардың өндіріп алған жарналарының мөлшері жеке тұлғалардың келісім-шарттары бойынша жиналған сыйақылардан 740 есе асып түсті, 2024 жылдың екі айында алшақтық 593 есеге дейін азайған.
«Алматыдағы соңғы рет болған жер сілкіністері сақтандыруға қызығушылықты арттырды. Жылжымайтын мүліктің басым көпшілігі ипотекалық несиелеу шеңберінде сақтандырылған. Жалпы, ерікті мүліктік сақтандырудың деңгейі төмен күйінде қалып отыр және Алматыда немесе басқа да ірі елді мекендерде жойқын жер сілкінісі болған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен резервіне зор салмақ түседі», – деп түйіндеді «Евразия» СК өкілі.
Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көшбасшы болып тұр, оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі 14,85 пайыз. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарты 12 айға жасалады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда барлығы 2,52 миллион жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның 170,28 мыңы Алматы қаласында, 267,1 мыңы Алматы облысында, яғни жер сілкінісіне ең қауіпті аймақтарда орналасқан.
Айжанат Бақытқызы