KZ
Өскемен
-11°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.63 548.66 5.07

Елімізде алғаш рет «Ұлы Дала дәмі» ұлттық жобасы өткізілді

14.03.2024, 16:05 221 Оразай Жеңісұлы

14 наурыз Амал мерекесі күні балалар үйіне, көпбалалы және ерекше баласы бар отбасыларға ұлттық дәм мен тағамдарға толы «Тарту», еңбек адамдары мен зиялыларға «Сыбаға» атты Наурыз қоржыны тарту етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыс күнін жаңаша атап өту туралы ұдайы айтып келеді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған «Ұлы Дала дәмі» жобасы Наурыз мерекесіне жаңа мазмұн беретіні сөзсіз.

Жоба бастамашысы – «Alatau Aqparat» медиахолдингі.

«Негізгі мақсатымыз  – Әз-Наурызды, әсіресе, балалар асыға күтетін басты мерекеге айналдыру. Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтуде жаңа құндылықтар мен дәстүр қалыптастыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді», - дейді медиахолдингтің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

Ұлттық киім киіп, қолына аса таяқ ұстаған Қыдыр ата немересімен бірге атқа мініп Алматы облыстық №1 балалар үйіне барды. Ақсақал балаларға бата беріп, «Тарту» қоржындарын үлестірді. Осы кезде балалар да өз өнерлерін көрсетіп бақты.

Ұйымдастырушылар Қыдыр Атаның немересін бақ қонып, Қыдыр дарысын деген ниетпен Бақ-бала деп атауды жөн көрген.

Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, Наурызды жаңаша дәріптеуде балаларға ерекше көңіл бөлінуі керек. Қыдыр атаның немересімен жүруі ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбиенің мәнін көрсетеді. Қазақ ұғымында ата ұл балаларды, әже қыз балаларды тәрбиелеген. Сондықтан қоржын арқалаған Қыдыр Ата мен Бақ-баланы Наурызда балалар асыға күтетін басты кейіпкерлерге айналдыру керек.     

Ұлттық нақышта безендіріліпкиіз үй пішінінде тігілген «Тарту» қоржындарының ішіне Қазақстанның әр өңірінен жеткізілген жеті дәм салынған: шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, жент, бауырсақ, талқан, рухани азық – кітап, сондай-ақ  Алматының алмасы, Алтайдың балы, ұлттық кәдесыйлар мен ойыншықтар бар. Тартудың ішінде кітаптың болуы – өскелең ұрпақты білім-ғылымға шақырады. Дәруменге бай ұлттық тағамдар – салауатты ұлттың кепілі. Жоба ұлттық тағам мен қолөнер бұйымдарын насихаттап ғана қоймай, осы саладағы кәсіпкерлерді қолдауға жақсы мүмкіндік туғызады.

Наурызда жас жағы үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, құрмет көрсетіп, бата алған. Ұлттық жобаны ұйымдастырушылар да Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов, Қарлығаш Әбдікәрімова сынды ел ағасы, ел анасы болған қоғам қайраткерлеріне, оған қоса  қарапайым еңбек адамдарына сәлем бере барды. Әрқайсысына «Сыбаға» тарту етіп, шапан жапты.

«Сыбаға» қоржынға жеті дәммен бірге сүрленген қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған.

Бұл күні қарапайым көше сыпырушы да,  «Алтын алқа» иегері атанған ана да, ерекше қажеттілігі бар баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана да Нурыз қоржынға ие болды.

Алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жобаның басты демеушілері: «Asiakoz» түрік көз клиникасы, «Ерке-Нұр», «Әдемі-Ай» мен «Адал Ас» сынды танымал компаниялар. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен «Zhent_chocolate», «Aqtobe damderi», «Sharman», «Asatu», «Астана-Өнім» АҚ, «Мёд Восточный», «Айқан» ЖШС сынды ұлттық тағамдар, киімдер мен бұйымдар шығаратын компаниялар, сауда маркалары және «Steppe&World Publishing» баспа үйі атсалысып, демеушілік танытты. Қазақ тағамтану академиясы, Қазақ мемлекеттік Циркі мен ұлттық тағамтанушы Саяхат Әсімхан да жобаға өз үлесін қосты. 

Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасын алдағы жылдары 14 наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу