Үлкен Нарындағы жаңа қазандықты жөндеу қажет
ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов жұмыс сапары барысында Үлкен Нарындағы қазандықтардың техникалық жағдайын тексерді.
Мұндағы орталық қазандық жап-жаңа деуге болады. 2015 жылы ғана салынған. Бірақ қолданыстағы қателік салдарынан қазандықтың технологиялық циклі бұзылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы қуаты сағатына 10,4 ГКалл болатын төрт қазандық 2020-2024 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Алайда қазір екеуі істен шығып тұр. Көмір аз жағылғандықтан қалған қазандықтардың да жұмыс қарқыны бәсеңдеген. Соның салдарынан судың температурасы көтерілмейді.
Оған қоса қазандық ішіндегі аэродинамикалық жүйеде ақау бар. Мұның салдарынан отын қалдықтары қоймалжыңданып, конденсат түзіледі.
Жергілікті мамандар енді жаңа қазандық сатып алуға қаражат бөлуді сұрап отыр. Облыс әкімінің орынбасары бұған үзілді-кесілді қарсы екенін танытты.
Облыс орталығынан барған жұмыс комиссиясының құрамында жылу желілерінің мамандары да бар. Олар аудан орталығындағы мамандарға істен шыққан қазандықтарды жөндеу жолдарын көрсетеді.
Жергілікті мамандардың қолындағы құбырлардың ұзындығы мен диаметрі туралы мәлімет те жоқ болып шықты. Сондықтан қаладан құбырлардың сызбасын бес саусақтай білетін жобалаушы шақыртуға тура келді.
Тексеруден кейін жұмыс тобы жергілікті мамандарға №2 қазандықты ашуды, бірінші және үшінші қазандықтардың пайдалы әрекет коэффициентін есептеуді, аэродинамикалық жүйені сәйкестендіріп, қолданыстағы көмірді ауыстыруды тапсырды.
Бақытжан Байахметовтың айтуынша, бұл шаралар жылыту жүйесінің жұмысын түпкілікті пысықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылыту маусымына дайындалу үшін қандай жұмысқа қанша қаражат жұмысалатынын нақтылауға да болады.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобы жергілікті агроколледж бен орталық аудандық аурухана қазандықтарын қарап шығып, жөндеу жұмыстары бойынша тапсырма берді.