Гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражат тексеріледі
сурет агенттіктің баспасөз қызметінен
Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексереді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мұндай тапсырманы ҚМА Төрағасы Дмитрий Малахов берді. Ол бөлінген ақшаның қайда кеткенін сапалы тексеру мен бағалауды қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 140 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
ҚМА басшысы су тасқыны салдарын жою үшін бөлінген ақшаны мақсатты пайдалану және көмек зардап шеккен барлық азаматтарға нақты жетуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетсек, қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғап, 5 адам күдікті деп танылды.
Алдын ала есеп бойынша залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат бұдан бұрын гидроқұрылыс нысандарының қызметін қамтамасыз етуге бөлінген болатын.