KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1 м/с, Ю
478.96 533.03 5.22

Маралды жеріндегі «алтын жәшіктер»

5.09.2024, 11:45 7 ALTAINEWS

   Тобылғы, мойыл, қарақат, бүлдірген, таушымылдық, тұтасып шыққан тарғақ шөп... Сарытаудың, Маралды мен Үшбұлақтың тау аңғарларын, айналасын, сай-саласын алқалай өскен гүлдер мен бұталардың өзінен мұрынды жарған бал иісі аңқып тұрады. Маралдының балын мақтау – артық. Бұл жақтың омарташылары өз өнімдерінің қасиетін «Маралдының балы» деген бірауыз сөзімен ғана бағалатып жатады.

БҰЛ ӨЛКЕНІҢ БАЛЫ
НЕГЕ ЕРЕКШЕ?

   Маралды ауылдық округінің әкімі Бауыржан Сейілханов жер шарында өсіп жатқан табиғи, нәрлі, дәрумендік шырынды шөптің 38 пайызы Маралды жерінде жайқалып өсіп тұрғанын айтады. Маралды балының ерекше болуының себебі, сыры міне, осында.

– Қазір Маралды балының бір келісін 3,5 мың теңгеден шығарып жатырмыз. Біздің балдың дәмін татып көрген адам оның ерекшелігін бірден аңғарады. Үшбұлақ ауылының жанында «Жандос» атты омарта шаруашылығым бар. 1996 жылдан бастап ара өсіріп келемін. 70-тен асып кетсем де омарташылық кәсібімнен қол үзген жоқпын. Қалаға көшіп кеткеніммен, басы-қасында кәсібімді жүргізіп ауылда жүремін. Осыдан бес жыл бұрын жарықтық Баймәди Тебісов өзі омарташы бола жүріп, біздің өлкенің балын зерттеумен айналысып, осы өлкенің балының сапасы өте жоғары екенін қазақстандық, халықаралық зертханаларда дәлелдеп, тексерткен болатын. Балымыз бірнеше халықаралық көрмелерде бірінші орын алып, еліміздегі ғана емес, басқа елдердің бал өнімдері ішінен сапасы аса жоғары екенін көрсетті,

– деген үшбұлақтық омарташы Қызырғали Наурызов облыста, ауданда Маралдының балын Қытайға экспорттауға кеңес беру түрінде болса да қолдау көрсетіліп, жолы көрсетіліп, мүмкіндік туғызылса дейді. Қызырғали ата Үшбұлақта бал арасының «орта орыс», «украин» тұқымдарын өсіріп жатыр. Осы күні бал арасының таза «орта орыс» тұқымын сақтап қалып отырғандар Маралды өңірінде ғана деп айтуға болады. Бұдан он шақты жылдан астам бұрын облысқа басшы болып Бердібек Сапарбаев келген кезде ертеде Маралдыда дүрілдеп тұрған омарташылық кәсібі қайтадан жанданып, өркендеу жолына түскен болатын.

   Маралды өңіріндегі тау бөктерлерінде қаз-қатар тұрған әдемі төртбұрыш жәшіктердің, бал толы алтын жәшіктердің иесінің бірі Мұрат Исин. Дертке - дауа, жанға - шипа бал алтыннан қымбат. Мұраттың әкесі Өмірғали 2000 жылдары өзге жерлестерінен көріп, осы жақта омарта кәсібін бастаған екен. 2016 жылдан бастап осы кәсіпті өзі қолға алған. Әкелі-балалы омарташылар қазір 300 ара ұясын ұстап отыр.

   Маралды балын шетелге шығаруға жол ашылса, Исиндер отбасы, өзге де маралдылық омарташылар алтын жәшіктерінің санын еселеп арттыруға бар. Маралды ауылдық округінің әкімі айтқандай, бұл жақта 60-тан астам отбасы ежелден омарташылықпен айналысып келеді. Аталарынан қалған қасиетті кәсіпті бүгінде ұрпақтары жалғастырып жатыр.

АРА ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН СУБСИДИЯ БАР

   «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жанжақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм атты Жолдауында.


   Ара өсірушілерге селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу бойынша әдістемелік және кеңестік көмек көрсету мақсатында 2016 жылдан бастап Қазақстанда республикалық Ара шаруашылығы палатасы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Статистика департаментінің деректері бойынша 2024
жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, облыс шаруашылықтарының барлық санаттарында бал арасы ұяларының саны 97,2 мыңнан асқан немесе 2023 жылмен салыстырғанда 6,3 мыңға артқан. Облыстағы асыл тұқымды бал арасы ұяларының барлық ара ұяларының жалпы санына аққандағы үлес салмағы 17,4 %-ды құрайды. 17 мың бал арасы ұясы республикалық Ара шаруашылығы палатасында тіркелген.

   Соңғы жылдары аймақта асыл тұқымды ара шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері 31-ден 38 бірлікке дейін артқан. Өңірлерде өсірілетін тұқым түрлері – карпат, орта орыс және украин.

   Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарынан алынған ақпараттар бірнеше жылдан бері облыста бал өндірісінің тұрақты деңгейі сақталып келе жатқанын көрсетіп отыр, бұл шамамен 2 000 тонна. Ара шаруашылығын одан әрі дамыту үшін аудандардағы ара өсіріп отырған омарта шаруашылықтарына субсидия беріліп келеді. Аудан әкімдіктері, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдері аудан омарташыларына субсидияға қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде кеңес беріп, қолдау көрсетуі тиіс.

   2023 жылы облыс бойынша бір ара ұясы үшін 5,0 мың теңге берілген, осы есеппен 64 750 мың теңге сомаға 13,0 мың ара отбасы субсидияланыпты. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен аудандардағы 37,2 мың ара ұясына 186 млн. теңге субсидия бөлінген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу