Семейлік оқушы AR-веб қосымшасын әзірледі
t.me/oqu_agartu
Семей қаласының 11-сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірегей AR-веб қосымшасын жасап шығарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қаланың инфрақұрылымын жобалау және жоспарлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді көздейді.
AR технологиясына негізделген қосымша болашақта құрылыс жұмыстарын аз шығынмен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мобильді құрылғылар арқылы жобалардың 3D-модельдерін қарап, QR-кодты сканерлеу арқылы болашақ ғимараттардың немесе ескерткіштердің үшөлшемді моделін шынайы ортада көре алады. Сонымен қатар олар нысандардың әрбір элементін барлық жағынан бағалай алады. Ол арқылы тұрғындар қала құрылысы шешімдеріне қатыса алады. Мысалы, ескерткіштер мен ғимараттардың құрылысын қолдап, дауыс беруге және оларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндіктері бар.
Нұрлыханның жобасы әлі де даму үстінде. Жақын арада «Ақылды көлік» жүйесімен интеграциялану және қосымшаны Қазақстанның басқа қалаларында қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен қатар сәулет, дизайн және қалалық жоспарлау салаларына арналған білім беру құралдарына қосымшаны енгізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Нұрлыхан бұған дейін QEFO.KZ, TableTech жобаларының және Discover Abai туристік қосымшасының авторы ретінде танылды.