"МузАРТ"-тағы Кенжебек Өскеменге не үшін келді?
![](/kz/uploads/posts/iblock/610/6105163af8c1adb0621242e4f9d4507d.jpeg)
Кеше қазақстандық эстрада жұлдызы, МузАРТ тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов облыс орталығындағы "Катализатор прогресса" қорының ерекше балаларға арналған даму орталығында қонақта болды.
Әнші балақайлардың күз тақырыбына жасаған бұйымдарының көрмесін тамашалап, "Күзгі ертегі" ашық сабағына қатысты.
Орталық мамандары тәрбиенелушілерімен өлеңдер оқыды. Мысалы, Өмірзақ Бекарыс Абайдың атақты өлеңдерінің бірі "Қыс" тақпағын, ал Илья Гулькин күз туралы өлең дайындапты.
- Ашық сабақ қайырымдылық айы шарасының аясында өтті. Тәрбиеленушілеріміз үшін бүгінгі сабақтың өзі үлкен жеңіс. Ата-аналарының көмегімен керемет қолөнер бұйымдарын жасап әкеліпті. МузАРТ тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловтың арнайы келуі біздің балғындар үшін үлкен қуаныш болды. Әншінің өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, ол біздің шақыртуымызды қабыл алып, балаларға қолдау танытты, - дейді "Катализатор прогресса" қорының директоры Меруерт Өтегенова.
Балғындардың өнеріне риза болған Кенжебек Жанәбілов балаларға үлкен торт сыйлады. Әсем безендірілген тәтті сыйлық тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да көңілінен шықты.
Бұл күні әр бала облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев, МузАРТ тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов пен қор атынан мақтау грамотасына ие болды. Бұдан кейін ұйымдастырылған сабын көпіршіктерінің шоуы балаларға керемет көңіл-күй сыйлады.