Наурыз айында балабақшаларға ваучер беру басталады – Өскемен
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Өскемен қаласында мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндеөткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жүйе 83 балабақшаны қамтиды, оның ішінде 31-і – мемлекеттік, ал 52-сі – жекеменшік ұйымдар. Ваучерлік қаржыландыру балаларды балабақшаларға қабылдау тәртібін өзгертіп, мемлекеттік білім беру тапсырысын басқаруды жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа жүйеге сәйкес ата-аналар өз баласын таңдаған мекемеге орналастыру үшін виртуалды ваучерлер алады. Бұл ретте қаржы балаға бекітіледі, яғни егер бала басқа балабақшаға ауысса, қаражат та сол мекемеге бағытталады. Осылайша, «орын іздеу»мәселесі жойылып, орындарды әділ бөлудің жаңа жүйесі енгізіледі: кезекке бірінші тұрғандар басымдыққа ие болады.
Пилоттық жобаның басты мақсаты – балаларды кезекке қою, қабылдау және мемлекеттік тапсырысты орналастыру үдерістерін автоматтандыру және ашықтығын арттыру. Бұл жаңашылдық ата-аналар үшін жүйені түсінікті әрі қолжетімді етіп, балабақшалар арасында адал бәсекелестік орнатуға ықпал етеді. Нәтижесінде, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру күтілуде.
Сонымен қатар бұл өзгеріс жекеменшік балабақшалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар жыл ішінде қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін жобаға қосыла алады.
Жобаның операторы ретінде «Қаржы орталығы»АҚ белгіленіп отыр. Ол қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, білім беру қызметтеріне ақы төлеуді жүзеге асырады.
Өскеменде ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу мектепке дейінгі білім беру саласын реформалаудағы маңызды қадам болмақ. Бұл бастама білім беру қызметтерін әділ және тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Ержан Әбіш
Фото: Аяужан Утеулинова