ШҚО-да ҚР Қаржы вице-министрінің қатысуымен салық реформасы талқыланды (Видео)
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Биржанов еліміздің салық жүйесін реформалауға қатысты сұрақтарды талқылап, қосымша ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында ШҚО кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі білікті сарапшылар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен басқосу кәсіпкерлікке тосқауыл болмайтын және бюджеттің тұрақты түсімін қамтамасыз ететін оңтайлы шешім қабылдауға бағытталғанын айтты.
Бүгінгі күні қосылған құн салығы бойынша Үкімет салалар бойынша саралаумен ҚҚС-ның базалық мөлшерлемесін ұлғайтуды ұсынып отырғаны белгілі. Қазір ҚҚС-ның ағымдағы мөлшері 12%. Енді жалпыға бірдей белгіленген мөлшерлеме – 16%, аралық мөлшерлеме - 10% болса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұл салықтан босатылмақ.
Қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегін қолданыстағы 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Өйткені, қазір кәсіпорындардың тек 4%-ы ғана ҚҚС төлейді. Бизнес салықтан жалтару үшін бөлшектенеді.
Сонымен қатар арнайы салық режимі мен бөлшек сауда салығын өзгерту жоспарланып отырғаны айтылды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы оңайлатылған декларация жүйесі 180 миллион теңгеге дейін жылдық кірісті, 30 адамға дейін қызметкерлер санын және 2% мөлшерлемені көздейді. Сондай-ақ, ресми түрде бөлшек сауда салығы болды, ол айналымы жылына 2,4 миллиард теңгеге дейінгі, қызметкерлер саны бойынша шектеусіз және мәслихаттардың шешімімен 4% мөлшерлемені екі есе төмендету мүмкіндігімен бизнесті қамтыды.
Енді осы екі режимді оңайлатылған декларацияның бірыңғай форматына біріктіру жоспарлануда, бұл ретте табыстың жоғарғы шегі сақталады – ол шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды.
Салық кірістерін ұлғайту мәселесі алдағы реформа шеңберіндегі талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болмақ.
Оның айтуынша, ҚҚС шегін төмендету төлеушілер санын шамамен 200-300 мың субъектіге арттырады.
Жиында кәсіпкерлер ҚҚС өсімі тек бизнеске ғана емес, тұтынушыға да салмақ түсіруі мүмкін екенін айтты. Дегенмен, вице-министр салық реформасын жетілдіру барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып жүргізілетінін мәлімдеді.
ҚҚС-ға қатысты реформаның нәтижесінде бюджетке жыл сайын 5 трлн теңгеге дейін қосымша қаржы түседі. Үкімет қосымша кірістерді агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылымды, өңдеуші саланы дамытуға және қорғаныс саласын нығайтуға бағыттамақ.
Айта кетсек, Үкіметтің салық реформасы жөніндегі бастамасын өңірлік бизнес-қауымдастықтармен талқылау үшін алты топ құрылып, барлық өңірдегі кәсіпкерлермен және сарапшылармен жүздесуде. Нәтижесінде түзетулер пакеті Парламенттің қарауына жіберіледі.
Айжанат Бақытқызы
Фото/видео Даниил Суворов