"Екі себебі бар". Шығыста неге ковид көбейіп кетті десеңіз...
![](/kz/uploads/posts/iblock/e68/e68e23750df19c3aba9f50dbcb6f0bd6.jpg)
Елімізде шілде-тамыз айларына қарағанда жағдай біршама тұрақталғанымен, біздің облыс коронавирус індетінің жаңа жағдайлары тіркелуінен республикада алдыңғы орынды бермей тұр. Оның себебі не? Шығыс өңірі болжамды екінші кезеңді қарсы алуға қаншалықты дайын? Осы және басқа да сауалдарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ілияс Мұхамеджан жауап берді.
Көптеген жиналыстарының арасынан бізге арнаған жарты сағаттың ішінде де басшының қалта телефонына тыным болмады.
- Менің ұялы телефонымның нөмірін қайдан алатындарын білмеймін, санитарлардан бастап күндіз-түні шағымдарын жазады, - деп күлген Ілияс Тұңғышқанұлына амалсыздан жауап беріп отыруға тура келді.
Басқарма басшысы өңірде жаңа жағдайлардың анықталып жатуының негізгі екі себебін ашып көрсетті. Біріншісі - тұрғындарды медициналық тексеруде шектемеу. Яғни, тұмау белгілері бар немесе коронавируске күдікті адамдарға дереу ПТР диагностика жасау. Соның нәтижесінде, індет жұқтырған науқастар бірден анықталып, ары қарай жаппай өршудің жолы кесілуде.
- Өңірде жағдай ушығуып тұр деуге келмейді. Қайта керісінше, вирус жұқтырғандарды уақытында анықтап, оқшаулап жатқанымыз дұрыс. Оларды тексермесек, бір күні індеттің үлкен ошағы пайда болар еді. Инкубациялық он төрт күннен кейін әлгі анализ жасамаған он адамнан жұқтырғандар саны он есе артып, 100 науқас болып, өзімізге қайта оралуы мүмкін. Біз күнделікті 1500-2000 тест өткіземіз. Халық саны бізбен бірдей басқа облыстар күніне 500-600 тест жасайды. Біздегі жаппай тестілеудің нәтижесінде анықтау көрсеткіші де жоғары, - дейді Ілияс Мұхамеджан.
Облыстың бас дәрігері екінші себеп ретінде тұрғындардың карантиндік шектеулерге әлі де немқұрайлы қарайтындарын атап өтті. Әлеуметтік қашықтықты сақтамау, бетперде кимеуден басқа, той-домалақ та әлі күнге азаймаған.
- Демалыс күндері байқап жүрміз, қала көшелерінде тойға безендірілген көліктер ешкімнен қысылып-қымтырылмай еркін аралап жүреді. Содан кейін жүз кісіден кем емес той-думан өтеді. Тойға ешкім де бетпердемен келмейтіні белгілі. Олардың арасында вирус тасымалдаушы бір-екі адам болса, басқалардың жаппай жұқтыруына жетіп жатыр. Әрине, ұлтымыздың сауық-сайран құру, қонақжайлық таныту сияқты жақсы салт-дәстүрлерінің коронавирус індеті жағдайында кері әсерін тигізіп жатқаны өкінішті. Бірақ санитарлық талаптарды орындамаудың салдары өзімізге қымбатқа түсетінін ұмытпаған жөн, - деген пікірін жасырмады басшы.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәл осы сауалға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да облыста ПТР тестілеу деңгейі жоғары, оған қосымша ішкі миграция мен өңірдің шекаралық аймақта орналасқаны себеп деп жауап берді.