«Әдемі сөйле!» Бесқарағайда шешендік шеберлік клубы ашылды
«Әдемі сөйле!». Дәл осындай атаумен Бесқарағайда шешендік шеберлік клубы ашылды. Тағы бір жағымды жаңалық, аудан орталығында «TEDxBESK» конференция-студиясы іске қосылды. Бұл Тәуелсіздік күнінде қарағайлы өңірдің халқына жасалған тарту болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Клубты ашудағы мақсат – тыңдаушыларды сөйлеу мәдениетіне, ойын еркін жеткізуге үйрету, сондай-ақ қазақтың шешендік өнерін меңгерту. Жаңадан ашылған орталықтың лентасын қию мәртебесіне аудан әкімі Дәулет Батырбаев ие болды. Игілікті шараға аудандық әкімдік өкілдері, дербес бөлім жетекшілері жиналды. Алғаш келген меймандар орталықтың мүмкіндіктерін бағамдап, интербелсенді әдісті қолдана отыра викториналық ойында бақтарын сынады. Сол секілді клубтың оқытушысы шешендік өнер бойынша тренинг өткізді. Атап айтсақ, сөз шебері 1 минуттың ішінде ораторлық қарым-қабілетін байқатып көпшілікті өзіне қаратудың жолдарын түсіндірді.