KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, В
488.91 532.62 5

Театрдың маңына салынып жатқан үйлерге қатысты көп сын айтылды

23.11.2018, 05:20 51

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» үндеуіндегі міндеттердің жүзеге асырылуын қадағалау мақсатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері Өскемен қаласында салынып жатқан бірнеше құрылыс нысанына барып, ондағы жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Бұл жолы облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов бастаған кеңес мүшелері шаһарда «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің жағдайын тексеріп қайтты. Алдымен рейдке қатысушылар Қ.Сәтпаев даңғылының бойындағы облыстық драма театрының іргесінде салынып жатқан тұрғын үйлерге ат басын бұрды. Мердігердің айтуынша, мұндағы он қабатты бес үйдің құрылысы жаңа жылға дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен, үйлердің ішін аралап көрген қоғамдық кеңес мүшелері бұған күмән келтірді. Тексерушілердің тарапынан әсіресе пәтерлердің ішіндегі жөндеу жұмыстарына қатысты көп сын айтылды.


– Құрылысты жүргізіп жатқан «ВК Техногрупп» серіктестігінің басшылығы мұндағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп уәде беруде. Дегенмен, өздеріңіз көріп отырғандай, бұған сену қиындау. Себебі, әлі атқарылатын шаруа шаш етектен. Құрылыс материалдарының сапасы да керемет деп айта алмаймыз. Не болса да, үйлер уақытында салынып бітеді деп сенейік, – деді құрылыс басында ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берген Ә.Мұхтарханов.


Осы ретте, мердігер компания директорының орынбасары Дамир Қалижанов аталған бес үйде 216 пәтер болатынын, сондай-ақ нысанның инфрақұрылымын тарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу келер жылға шегерілгенін мәлімдеді. Айта кетейік, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатылатын үйлердің бір шаршы метрінің бағасы шамамен 160 мың теңге мөлшерінде болмақ.


Бұл күні қоғамдық кеңес мүшелері Күленов кентінің Жоғарғы магистраль көшесінде салынып жатқан 162 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысымен де танысты. Рейдке қатысушылар аталған нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынына оң бағасын бергенімен, сапаға қатысты біраз сын-ескертпе айтты. Кеңес мүшелері әсіресе үй ішіндегі пәтерлердің арзанқол құрылыс материалдарымен жабдықталуына наразылығын білдірді.


«Мұндағы пәтерлердің бір шаршы метрі 160 мың теңгеге бағаланып отыр екен. Бұл аз емес. Адамдар төрт бөлмелі пәтерлерді 13-14 миллион теңгеге сатып алуы тиіс. Ал сіздердің халыққа ұсынып отырған өнімдеріңіз түрі мынау. Неге сапа жағына жүрдім-бардым қарайсыздар?» деген кеңес мүшелерінің бірі бұл үйдегі пәтерлердің ауданы да айтарлықтай үлкен еместігін айтып қалды. Оның пікірінше, қазіргі уақытта төрт бөлмелі пәтер үшін 85 шаршы метр деген өте аз.


Ал қоғамдық кеңесті бастап жүрген Әнуарбек Мұхтарханов рейд кезінде анықталған кемшіліктер бойынша құзырлы мекемелерге тиісті хаттар жолданатынын мәлімдеді.


Айта кетейік, аталған көпқабатты үйді салу жұмыстарына «Күршім құрылыс» ЖШС жауапты. Мердігер компанияның директоры Қуаныш Қарсыбаевтың мәлімдеуінше, нысанда негізгі құрылыс жұмыстары ақталып қойған, енді ішкі әрлеу, тұсқағаздар жапсыру сияқты шаруалар ғана қалған. Жоспар бойынша аталған тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив