KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
488.91 532.62 5

Өскеменде жас ақындар айтысы өтті

20.11.2018, 12:50 107

«Білімдіден шыққан сөз...». Облыстық Пушкин атындағы кітапханада жас ақындар айтысы өтті. Ұйымдастырушылар сөз додасының өтуіне «Ақиық» жас ақындар үйірмесінің құрылғанына екі жыл толғандығы себеп болғанын айтты.


– Үйірме құрылғалы бері жеткен жетістіктеріміз елге аян. Нұржан Қайратұлы, Қуаныш Еркінұлы, Жұлдызай Маратбек, Гүлжан Ықылас сынды үйірмеге алғаш мүше болып келген ақындарымыз бүгінде Ринат, Мақсат, Мейірбек сынды көрнекті айтыскерлермен бірге майданға түсіп жүр. Бірақ осы мерейтойда жас шәкірттерімізді сынап көруді ұйғардық. Жастардың бәйгесіне жүлделі жүйрік Жұлдызайды ғана қостық, – деді Гүлнұр Зұлқаршын.


Ақындарға жеребе тап сол жерде тартылды. Жұптарды анықтап берген ақсақал «Алла ауыздарыңа аталы сөз салсын» деп ақ батасын берді. Ұстаздың, шынымен де, жас шәкірттерін сынап көріп жатқандығы осы тұста көрінсе керек.



Алғашқы айқас С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің студенті Аян Қалымбек пен Өскемендегі №33 мектептің оқушысы Ерасыл Ермекұлынікі болды.


«Қазір, – деп, – студенттер оқымайды»,


Адамдар жүр екен ғой күдіктеніп.


Общягада күнімен ұйықтайды,


Түніменен қаңғырып жүріп келіп.


Одан соң емтиханды тапсырады,


Зачеткаға ақшаны тығып беріп.


Осыны түсіндіріп айтыңызшы,


Ағайын қалмағай тек бұрыс көріп, – деп, жастардың ішіндегі жас пері Ерасыл студент ағасын әзілмен шенеді.


Түнімен тентіреп, күнімен ұйқы соқсам, айтысқа шықпас едім, оқу оқымас едім ғой деп уәж айтқан Аян, інісіне сөз арасын бөтен сөзбен былғамауын қадағалап тапсырды.



Екінші жұп болып, ақынның өзі айтқандай, «көктен іздеген жұлдызы жерден табылып», сахна төріне Тілек Мұратұлы осы айтыстағы жалғыз нәзік жан Жұлдызаймен шықты. Қыз бен жігіттің айтысы жарасымды, сәнді еді. Оны көрерменнің қатты соққан шапалағы айтып берер сізге. Сахнадағы жеребе тоғыстырған жұптар айтысының Тілектің аузымен айтылған түйінді сөзі «тағдырдың жеребесі жолықтырып...» болды.


Бәйгеге бес ақын түскен-ді. Мана бір айналым шауып өткен Аян залдан нояндарша суырылып шығып, Гүлнұр ұстаз мақтауын жеткізген есті шәкірт Естай Жаңабаймен айтысуға сұранды. Тың тұлпардың күшіне әсте титықтап кетпей, бап күйінде екендігін тағы бір дәлелдеп берді ол.



Финалда Жұлдызай мен Аян жолықты. Айтыстың жалпы қорытындысы бойынша, үшінші орынға Тілек пен Естай тұрақтап, екіншінің жүлдесін Аян, бірдің жүлдесін Жұлдызай қанжығалады. Ересектермен айтысып ерлеген Ерасылға арнайы жүлде табысталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив