ШҚО-дағы 16 жария мүдделі ұйым қаржылық есепті кешіктіріп отыр
Кез келген кәсіпорын жария мүдделі ұйым емес. Жария мүдделі ұйымдар – қызметі қоғам тарапынан ерекше назар аударуды талап ететін компаниялар.
«Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы №234 Заңның 1-бабы 7-тармағына сәйкес, жария мүдделi ұйымдар (ЖМҰ) – қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), акционерлiк қоғамдар (коммерциялық еместерiн қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндiретiн ұйымдардан басқа), астық қабылдау кәсіпорындары және жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдар, шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорындар. Яғни, қызметі республиканың қаржы жүйесіне және экономикаға әсер ететіндіктен, қоғам тарапынан қызығушылық тудыратын ұйымдар.
Осылайша, қаржы ұйымдары, оның ішінде банктер және т.б. республиканың қаржы жүйесіне тікелей әсер етеді.
Ұйымдар мен жеке тұлғалардың қатысу үлесі бар акционерлік қоғамдар жеке және мемлекеттік акционерлік компаниялардың акциялар айналымы арқылы қаржы нарығына әсер етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар мұнай, газ, металл және т.б. өндіру арқылы ел бюджетіне айтарлықтай үлес қосады.
Мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар – қызметі мемлекет үшін маңызды, ерекше назар аударуды қажет ететін мемлекеттік компаниялардан бастап монополистік компанияларға дейінгі елдің экономикалық келбетін қалыптастыратын компаниялар.
«Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы №234 Заңның 19-бабы 7-тармағына сәйкес, Үкiмет шешiмiмен жария мүдделі ұйымдар үшiн депозитарий (жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер туралы ақпарат қамтылатын электрондық деректер базасы) құрылды, бұған ЖМҰ-лар қаржылық есептiлiктi тапсыруға мiндеттi. Бұл шара ЖМҰ-лар қызметінің айқындығын қамту үшін қолданылады.
Жария мүдделі ұйымдарының есептілікті тапсыруы Үкіметтің 2011 жылғы 14 қазандағы №1173 Қаулысымен бекітілген, Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидаларымен бекітілген тәртіпте жүргізіледі. Қағидаларға сәйкес ұйымдар жыл сайын есептіден кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей депозитарийге заңнамамен бекітілген жылдық қаржылық есептілікті береді.
Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің аумақтық бөлімшесі – Ішкі мемлекеттік аудит департаменті депозитарийге белгіленген мерзімде қаржы есептілігін бермеген ЖМҰ бойынша әкімшілік шараларды қабылдауда.
Облыс бойынша «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ деректеріне сәйкес, 2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2017 жылға арналған қаржылық есептілікті 16 ЖМҰ депозитарийге ұсынбаған. Олардың ішінде 10 ЖМҰ акционерлік қоғам болып табылады, олар да аудиторлық қорытындыларды ұсынбаған.
Дегенмен, қазіргі уақытта қаржылық есептіліктің белгіленген мерзімін бұзушы ЖМҰ-лар саны азайған. Мысалы, 2011-2015 жылдары есептілікті тапсыру мерзімін бұзған ЖМҰ саны 45-55 болса, 2016 жылы 43, 2017 жылы 33, 2018 жылы 16 болды. Оларға қатысты департамент әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануда.
Жария мүдделі ұйымдардың тарапынан бұзушылықтарға жол бермеу, әкімшілік жүктемені болдырмау мақсатында ұйымдарға, басқару органдарына, құрылтайшыларға, акционерлерге қаржылық есептілікті белгіленген мерзімде депозитарийге орналастыру бойынша бақылауды күшейту қажет.
Сондай-ақ қаржылық есептілікті ұсыну тізбесі мен нысандары өзгергенін атап өту қажет. 2018 жылдың 1 қаңтарынан есептілік Қаржы министрінің «Жария мүдделі ұйымдардың жариялауы үшін жылдық қаржылық есептіліктің тізбесі мен нысандарын бекіту туралы» 2017 жылғы №404 бұйрығымен бекітілген нысанда беріледі. Бұрын есептілік Қаржы министрінің 2010 жылғы №422 бұйрығымен бекітілген нысанда берілетін.
Ержан Кеңесұлы