2019 жылы Өскеменде жаңа автобустар жүре бастайды
Орталық Азия инвестициялық форумы аясында «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында 5,4 миллиард теңгенің несиелік шарты жасалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш шарт Өскеменнің қоғамдық көліктерін жаңартуды көздейді.
Жоба ЕУРО-5 экологиялық стандартына ие 85 автобусты сатып алуды қарастырады. Жаңа автобустар банк ережесіне сай әлемдік және отандық өндірушілер арасынан ашық конкурста сатылып алынады. Автобустар 2019 жылдың екінші жартысынан жүре бастайды. Мұнымен қатар, жекеменшік-мемлекеттік әріптестік бойынша Өскемендегі қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесі енгізіледі.
Сонымен бірге, форум аясында ЕҚҚДБ және «Юниверсал Энерджи Ко. ЛТД» компаниясы арасында Жарма ауданында қуаты 30 мВт күн электр стансасын («Жаңғыз Солар» ЖШС) салу туралы 17,5 миллиард теңгенің алдын ала келісімі жасалды. Осы жоба бойынша 66 гектар жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленген. Мұнымен қоса, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Тұтас алғанда, облыста ЕҚҚДБ-мен 13 жоба бойынша 87,5 миллиард теңгенің шарттары мен келісімдеріне қол қойылып отыр.