Зырянды Алтайға ауыстыруды қолдайтындар сотқа шағымданамыз деп отыр
Әлдекім Алтай атауын қолдаушылардың атынан сотқа шағым түсірген. Тұрғындар осыған ашулы, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қала атауын өзгертуді жақтаушы бастамашыл топ мүшелерінің бірі Надежда Акулова бір адамның барша тұрғындар үшін қалайша шешім қабылдағанына қайран.
– Жаңа атауды жақтаймын деген 20 мың адамның қолын жинадық. Сотқа түскен шағымда қанша адамның қарсы екені көрсетілмеген. Жалпы қарсылық танытқандар бар ма өзі? Бұл жерде әлдекім өз атынан ғана шағымданған, – дейді ол.
Ал Зырян қаласының әкімі Константин Передельскийдің айтуынша, барлық шаралар заңнамаға сәйкес өткен.
– Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде болған қоғамдық тыңдау кезінде жергілікті мәслихат депутаттарының барлығы «Алтай» атауын қолдады. Одан кейін болған жергілікті тұрғындардың жиынында да қарсылық танытушылар болған жоқ, – дейді қала басшысы.
Ал 10 қазанда өткен ШҚО мәслихатының сессиясында да қала атауын өзгерту мәселесі оң шешімін тапқан болатын.
Жаңа атауды жақтаушы топ өздеріне жабылған жаладан арылу үшін сотқа шағымданатындарын жеткізді.