Елжан Біртанов: "Медбикелердің орташа жалақысы өседі"
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ Өскемендегі Драма театрының үлкен залында облыс активімен кездесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов саладағы қордаланған мәселерді қалай шешетіндерін мәлім етті. Мәселен, қазір елде 1941 адамға 1 дәрігерден келеді екен, министрлік жоспары бойынша 2020 жылы 1700 адамға 1 дәрігерден келетін болады. Олардың сапасына да мән берілмек. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру де – басты міндет. Айталық, медбикелердің орташа жалақысы қазір 101 мың теңге болса, келер жылы 116 мыңға көтерілуі тиіс.
– Біз Астанада биылдан бастап Онкологиялық орталықтың құрылысын бастаймыз. Онда Елбасы айтқандай, онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеуге, оның ішінде ядролық медицинада, протон терапиясында, радиохирургияда, жасушалық иммунотерапияда қолданылатын заманауи технологияның бәрі болмақ.. Атап өтерлігі, протонмен емдеу аппараты бұрынғы КСРО елдерінде екеу ғана, екеуі де Ресейде. Енді Астанада ашылған соң өз науқастарымызда да, іргелес елдерден келетіндерді де қабылдай алатын боламыз. Денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелердің бірі – дәрі-дәрмек жетімсіздігі. Жыл сайын еліміз шетелден 1 миллиард доллардың дәрілік препараттарын сатып алады. Енді бұл саланы да ретке келтіріп, тапшылықты жоямыз, – деді осыған қатысты Бақытжан Әбдірұлы.
Актив отырыснда, сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев сөз сөйлеп, Жолдау міндеттерінен тарайтын жұмыстармен таныстырды.