KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 0,9 м/с, СШ
478.89 528.74 5.29

Үкімет басшысы Өскемендегі №46 орта мектепте болды

10.10.2018, 11:46 171

Облысымызға іссапармен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Өскемендегі №46 орта мектепте болып, білім бер саласындағы ілкі жобалармен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Премьер Министрге аталмыш мектеп базасында "Менің мектебім" акциясының нәтижелері таныстырылды. Осы акция аясында өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер "Парыз" қорына 2,8 млрд теңге аударған болатын. Сол қаражатқа 277 мектептің физика, химия, биология, IT технология кабинеттері Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықталған. Бұдан бөлек аталмыш қаржы есебінен 600 мұғалім кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған.


Өңірдегі білім беру саласына тың серпін берген акция 2021 жылға дейін жалғаспақ. Екінші кезеңде демеушілердің қаржысына 492 мектепті 1068 актив панельмен қамту көзделген.


-Сенсорлы экранмен жабдықталған бұл панельдер оқушының ақпаратты тез меңгеруіне таптырмайтын құрал. Бұрын қандай да бір тәжірибені іс жүзінде жасау қажет болса, қазір актив панельдің көмегімен соның бәрін экранда көрсетуге болады. Мұғалім тақтаға бормен кесте сызып, қаламмен жазып әуре болмайды, - дейді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева. Мектеп оқушылары биылғы оқу жылында ғана қолданысқа берілген пән кабинеттерін қаншалықты жылдам меңгергендерін іс жүзінде көрсетті. Заманға сай жабдықталған пән кабинеттерін кезек-кезек  аралаған Бақытжан Сағынтаев жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.


-Облыс әкімінің айтуынша, еліміз бойынша ашылған IT- сыныптардың 90 пайызы Шығыста екен. Сенсорлы панельде кез келген зертханалық жұмысты электорнды түрде жасайтындай жағдай бар. Бұл әрі қолайлы, әрі тиімді, - деді Премьер Министр.


Үкімет басшысының назарына білім беру саласында жүзеге асып жатқан өңірлік бағдарламалар да ұсынылды. Түлектердің өзге мемлекетке ағылуын тоқтату үшін жыл сайын облыс бюджетінен оқу гранттары бөлінуде. Биыл ондай гранттар саны 446-ға жетіп отыр. Осы қадамдардың арқасында сыртқа кеткен түлектердің саны екі жылда 1800-ден 636-ға азайған.


Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, Шығыста үш ауысымдық мектептер мен апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілер күн де алыс емес.


-2017 жылы облыс бойынша бес мектеп берілсе, 2018-2019 жылдары 10 млрд теңгеге алты мектеп салынуы тиіс. Осының арқасында қараша айының өзінде үш ауысыммен білім беретін және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібінен түседі, -деді Әсем Нүсіпова. Оның айтуынша, биыл мектеп түлектерінің 40 пайызы саналы түрде кәсіби-техникалық колледждерді таңдаған.


-Бұл облыстағы кәсіби-техникалық колледждердің білім сапасы жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, түлектер колледждерді таңдауда. Өзге облыстарға да таратуға болатын тәжірибе, - деді Үкімет басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив