Венгр елшісі қазақтардың Будапеште неліктен көп екенін айтты
Мажарстан мен Шығыс Қазақстан сүтті өнімдерін шығару бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Біздің облыс жылына 1 миллион тонна сүт өндіреді, ал Мажарстан – Еуропадағы ең ірі сүт өндіруші ел. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов пен Мажарстанның елшісі Барани Андраш арасында болған екеуара іскерлік әңгімеде айтылды.
– Мен елшілік қызметте үш жыл еңбек етіп жүрмін. Облыс аумағында бұрындары болғам, Семей мен Абай ауданында. Ал облыс орталығы – Өскемен шаһарына алғаш рет аяқ басып отырмын. Қала өте ұнады. Жалпы, територия жөнінен ғана алып қарағанның өзінде, Шығыс Қазақстан аумағына 3 Мажарстан сыйып кетеді екен. Сондықтан, сіздердің мүмкіндіктеріңіз өте зор, – деді Барани Андраш.
Елшінің айтуынша, Мажарстанда 10 миллион адам тұрады. Ал олар өндіретін ауыл шаруашылығы тауарлары 20 миллион адамды тамақтандыруға жетеді. Яғни, аграрлық саласы керемет дамыған ел.
Венгрия Қазақстанның ауыл шаруашылығына 40 миллион доллар көлемінде инвестиция құйып отыр. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 128 миллион доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жеткен. Биыл одан да аспақшы.
– Астана мен Будапешт арасында аптасына екі рет ұшақ қатынайды. Билет құны арзандатылған. Сол себепті, венгр туристері Қазақстанға, біразы Алтай өңіріне көптеп келеді. Будапештке барғанда көшеден қазақтарды жиі кезіктіремін, – деді елші.