ШҚО-да полицейлер көлік ұрлаушыларды алдымен көлікпен, одан кейін жаяу қуалады
Өскеменде жол сақшылары «жигули» көлігін ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Күдіктілерді аға лейтенант Әлихан Балапанов пен лейтинант Айдын Бәкінбаев бастаған экипаж «Өскемен-Глубокое» тас жолында ұстады.
Олар полиция ізіне түскенін білгенде «шестерканың» жылдамдығын одан әрмен арттырыпты. Солайша адастырып кетпек ниетпен Белокаменка ауылына қарай бұрылған.
– Ақыры бұлай құтылмасын білген екеу көліктен атып шығып, орманға қарай тұра ұмтылыпты. Ол ұмтылыс та сәтсіз шығып, жарты сағаттай уақыт өткенде қолға түсті, – дейді Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы.
ВАЗ-2106 маркалы көліктің ұрланғаны туралы 102-ге 21 қыркүйек күні сағат 10:20 шамасында ақпар түскен. Шағымданушы көлік түнде жоғалғанын, иесі өзінің ағасы екенін айтыпты. Айтпақшы, көлік бағасы 250 теңге дегенді де ескертіпті ол.
Міне, ақыры іс осылай тынды. ҚР қылмыстық кодекстің 200 бабына сай, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.