KZ
Өскемен
+24°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
479.05 534.57 5.17

Катонқарағай ауданында карантин жарияланды

22.09.2018, 03:03 322

Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында сібір жарасын жұқтырған катонқарағайлық науқастың көз жұмғанын бұған дейін хабарлағанбыз. Қазір індеттің ошағында барлық ветеринарлық- сақтандыру шаралары қолға алынды.


Облыс әкімі Даниал Ахметовтың шешімімен сібір жарасының шығу себептерін анықтау және оның салдарларын жою мақсатында арнайы құрылған комиссия  жұқпалы ауру шыққан Кіші Нарын ауылында жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына облыс әкімінің орынбасары, Катонқарағай ауданының әкімі, облыстық төтенше жағдайлар, қоғамдық денсаулықты сақтау департаменттерінің, ветеринарлық бақылау мен қадағалаудың аумақтық инспекциясының,  ауыл шаруашылық басқармасы мен  денсаулық сақтау басқармасының, басқа да жауапты органдардың басшылары енді.


Облыс орталығында шұғыл түрде өткен брифингте  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова індеттің алғашқы белгілерін ауылдық фельдшер анықтап, сібір жарасына күдікті дер кезінде ауданға, одан облысқа жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмағанын айтты.


-1971 жылы туған науқас 19 қыркүйекте санитарлық авиациямен облыстық мамандандырылған орталықтың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. «Сібір жарасының теріге шыққан  ауыр түрі, жұқпалы-интоксикациялық шок» алғашқы диагнозы қойыла салысымен, зертханалық зерттеулердің қорытындысын күтпей-ақ, барлық арнайы ем-дом тағайындалды.  Науқастың қолдарында пышақпен кесілген немесе басқа да жаралар болуы мүмкін, қауіпті жұқпа солар арқылы ағзаны тез улайды, - деді  Райфа Сафиоллинова .


 Облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбековтің айтуынша, ауылда 210 аула бар. Мамандар күніне екі рет аулаларды аралап, тұрғындардың жағдайын тексереді.


–  Науқаспен байланыста болған 37 адам анықталды, бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін. Жұқпалы 38 келі ет алынып, жойылды. Байланыста болған барлық адамдар анитибиотик препараттарын қабылдап жатыр, олардың жағдайы он төрт күнге дейін бақылауда болады, - деп түсіндірді Болат Қуанышбеков.


Ветеринарлық бақылау мен қадағалаудың облыстық аумақтық инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы Төлеген Мұхаметқалиевтің берген мәліметтеріне сүйенсек, сібір жарасынан қайтыс болған кішінарындық азамат төрт ірі қара мал мен төрт бұзаудың иесі болған. Сол ауылдағы 150 бас ірі қара мен басқа малдар да барлығы бір жайылымда жайылған.


-Катонқарағай ауданында 13 ауылдық округ бар. Ауданда 48 мың  ірі қара, 90 мың бас  ұсақ мал, 20 бас жылқы мен 4 мың марал өсіріледі. Індет ошағында барлық залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда малдарды қауіпті жұқпаға қарсы жаппай егу жұмыстары жалғасуда. Қазір індет ошағы шыққан елді мекенде карантин жариялау туралы ұсыныс талқылануда, - деді ветеринарлық инспектор.


Спикерлер жұқпалы еттің барлығы жойылғанын, Катонқарағай ауданынан әзірге ешқандай мал өнімдері басқа жаққа шығарылмайтынын ескертті.


Сібір жарасы індеті облыста соңғы рет 2016 жылы Қалбатауда анықталған болатын. Қауіпті жұқпаны жұқтырған екі науқас та дін аман.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив