Өскемен мектептеріндегі тамақ сапасына көңіліңіз толмаса, шағымдануға болады
Кеше қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының бас мамандары Өскемендегі №7 және №16 мектеп асханаларының санитарлық жай-күйін, балалар тұтынатын тамақтардың сапасын тексеру үшін арнайы рейдке шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қалалық басқарманың бөлім басшысы Аида Ақынованың сөзіне қарағанда, биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері қаладағы 14 мектептің асханасы тексеріліп, онда әзірленетін тағамдардың сынамасы алынған. Кей мектептердің асханаларында тауарлық таңбаланудың болмауы, аспаздардың әшекей бұйымдар тағуы, шикі және дайын тағамдардың бір тоңазытқышта қатар сақталуы сияқты заңбұзушылықтар анықталып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға толық сай келмеген асхана иелеріне хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Мектептер мен балабақшалардағы тамақтануға көңілі толмайтын, сапасына күмән келтіретін ата-аналар 30-шы гвардиялық дивизия көшесі, 22 мекенжайындағы қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасына хабарлауына болады. Мамандар сол факті бойынша тексеруге құқылы.