Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны басталды
Жыл сайын 15 қыркүйекте елімізде халықты емханаларға тіркеу науқаны басталады. Ол екі ай уақытқа созылып, 15 қарашада аяқталады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш процедура халық үшін арнайы ұйымдастырылады. Осы уақыт аралығында медициналық қызметке көңілі толмағандар басқа емханаларға ауысып кете алады.
Медициналық-санитарлық қызмет пен отбасылық қызмет көрсету қағидаларын жүзеге асыру үшін тұрғылықты мекен-жайға жақын орналасқан емханаларды таңдаған жөн екен. Бұл медициналық мекемеге тіркелген науқастардың денсаулық жағдайын қадағалап, қажет болғанда үйге шақырту алуға мүмкінді береді.
Сондай-ақ, биыл дәрігерлерге түсетін жүктемені және кезектерді азайту мақсатында тіркелуге енгізілген лимит өзгертіліпті – бір дәрігерге 1700 адамнан. Былтыр бұл көрсеткіш 2000 адамды құраған болатын.
Қалаған емханаңызға үш тәсілмен тіркеле аласыздар: таңдаған медициналық мекемеге бару, "электронды үкімет" порталы арқылы онлайн түрде, немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарында. Өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжат болу керек. Тіркелуге болатын емханалардың тізімі fms.kz сайтында "Емхананы таңдау" бөлімінде көрсетілген.