Күршімде канадалық тәсілмен мал бордақылап отырған кәсіпкер бар
Күршім ауданына жұмыс сапарымен барған Даниал Ахметов «Ұлан» шаруа қожалығына бас сұқты. Болашақта бұл жерді канадалық технологиялармен мың бас малды бордақылайтын кешенге айналдыру жоспарда бар.
Аталмыш шаруа қожалығының басшысы Арғынбек Қабдуллин кәсіпорын 1996 жылы құрылғанын айтады. Кәсіпкер бұған дейін асыл тұқымды мал өсірумен айналысқан көрінеді. Бұл күнде Қабдуллин 600 ақ бас сиыр ұстап отыр.
Болашақта бой көтергелі тұрған мың басқа арналған бордақылау кешені канадалық технологиямен жұмыс істейтінін айттық. Мал дәстүрлі фермаларда емес, қаңқалы-тенттік ангарларда өсіріледі. Канадалық технологияның басты артықшылығы, ірі қара кешеннің ішінде емін-еркін жүріп, тезірек салмақ қосады дейді мамандар. Ондай ангарлардың бірқатар заманауи жабдықтары да бар.
Даниал Ахметов фермаға жер бөліп беріп, техникалық қолдау көрсеткен жағдайда бордақылау кешенінің жұмысы міндетті түрде оң нәтиже беретінін айтты.
– Біз кешендерді үлкен-үлкен етіп саламыз. Бұл кеңестік әдіс. Мал қыстың күні ықта орналасқан ангарларда болу керек. Фермердің осы іспен айналысқысы келген ниеті маған ұнап отыр. Барын салатыны көрініп тұр. Бұндай бастамаға қашан да қуаныштымын. Қолдаймын. Сапалы техника сатып ала алуы үшін біз оған мемлекеттік бағдарлама негізінде көмек көрсетеміз. Мың басты бордақылау көп жем-шөпті қажет етеді. – дей келе аймақ басшысы Күршім әкімі Дулат Қажановқа кәсіпкерге қосымша жер бөліп беруді тапсырды.