KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность Штиль
478.93 534.96 5.16

Семейлік оқушы АҚШ мектебінде білім алуда

8.09.2018, 05:33 134

Білім – кез-келген азаматты әрқашанда биік белестерді бағындыруына жол ашады. Білімнің соңына түсіп, ғылым қуамын деген жастарға елімізде кедергі жоқ, керісінше, қолдау басым.


Соңғы кездері отандық жоғары оқу орындарының студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шет елдердің университеттеріне оқуға барып жатқандары жайлы жиі еститін болдық. Қазақстанның сыртқы елдермен интеграциялық байланысы өте жақсы екенін осыдан-ақ байқалады.


Қазір енді мектеп оқушыларына да көптеп көңіл бөлініп, олардың сырт мемлекеттерге барып оқуларына барлық жағдай жасалуда. Мәселен, американдық «FLEX» бағдарламасы қазақстандық оқушылардың АҚШ –та білім алуына осындай мүмкіндік ұсынып отыр.


АҚШ үкіметінің Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын бағдарламаның толық атауы «The Future Leaders Exchange Program» яғни, "Болашақ көшбасшылармен алмасу бағдарламасы" деп аталады екен.

Міне, осы бағдарлама бойынша Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Айғаным Хамитханова өткен оқу жылында Колорадо штатындағы «Douglas County High School» -де білім алып келді.


Оған дәл осы бағдарлама арқылы АҚШ-қа бару үшін 3 кезеңнен тұратын күрделі әрі қиын сынақтарды тапсыруға тура келген. Барлығынан сүрінбей өткен Айғаным Қазақстаннан АҚШ-қа аттанған 118 оқушының бірі болып, 1 жыл бойы американдық жанұямен бір шаңырақ астында өмір сүрді.


- Мен Джош - Ребекка Харчарик есімді отбасылы американдықтардың үйінде тұрдым. Бірі аудитор, бірі мұғалімдік қызметте. Олардың Бриана, Даниэль есімді балалары бар. Бұрыннан таныс адамдардай жылдам тіл табысып кеттік. Сол жанұяның бір мүшесіндей қарады. Американдық отбасында тұруымның себебі – бағдарламаның шарты солай. Өйткені, бағдарлама арқылы оқуға келетін әр оқушы американдықтарды жақын тануы, ағылшын тілін оңай меңгеріп кетуі сонымен бірге олардың күнделікті өміріне қанығуы үшін бір шаңырақта тұруы керек екен. Бұл маған тілді жетік меңгеруім мен мұхиттың арғы жағындағы елдің тұрмыс-тіршілігін жіті зерттеуіме көп көмектесті, -дейді Айғаным.


Айғанымның айтуынша, АҚШ-тағы білім беру жүйесінде біздің елмен салыстырғанда айырмашылық өте көп. Оның айтуынша, американдық оқушылар өз үлгерімдеріне қарай пәндерді таңдап алатын көрінеді. Сонымен қатар, спортқа, түрлі үйірмелерге көп көңіл бөлінеді екен. Семейлік шәкірт өз талғамына орай француз тілі, йога, ағылшын тілі және заманауи әдебиет, математика, психология, бизнеске кіріспе сияқты пәндерді таңдаумен қатар, драма үйірмесіне көңілі ауған. Аталған пәндерді 2 семестр бойы кезектесе оқып, дәріс алыпты.


- Мен Америкада өткізген бір жыл ішінде тек қана білім ғана алып қоймай, американдық қатарластарыма Қазақстан жайлы, еліміз туралы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихымыз жайлы көптеген деректерді айтып бердім. Біздің тарих, тұрмыс –тіршілігіміз оларды қатты қызықтырады. Тіптен ақпан айында Вашингтон қаласына барып, АҚШ-тың Орта Азиядағы саясаты кеңсесінің өкілі Дженнифер Миллермен кездесу және мамыр айында Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб пәтеріне баруым ерекше оқиғалардың бірі дер едім. Волонтерлік қабілетімді шыңдап, американдықтардың адамға деген ілтипаттары жақсы екеніне көзім жетті.


Биыл соңғы жылын жалғастырып жатқан білімді шәкірттің ендігі арманы – халықаралық қатынастар мамандығын меңгеру. Ондағы көздеген мақсаты – жер бетін мекен етуші түрлі ұлттардың қырғи –қабақ болмай, тату-тәтті, тыныштықта өмір сүруіне атсалысу.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив