Өскеменде жолаушы толы автобус көшенің ортасында жанып кете жаздады (видео)
Бүгін Өскемендегі №2 маршруттық автобустың салоны қатты түтіндеп, жолаушыларды эвакуациялауға тура келді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға таңғы 8 сағат шамасында Әуезов және Жеңіс даңғылының қиылысында болған. Қоғамдық көліктің ішінде болған жолаушы Алексей Куропаткиннің айтуынша, автобус кептелісте тұрған кезде, салонының артқы жағы түтіндей бастаған.
– Жолаушылар жүргізушіге есіктерді аш деп айқайлай бастады. Билет ақшаларын қайтару туралы сөз болған жоқ. Адамдар асығыс басқа автобустарға отырып жатты, – дейді ол.
Қалалық жолаушыларды тасымалдау басқармасы орталығының айтуынша, автобус жүргізушісі түтінді тез өшіре қойған. Жапа шеккен ешкім жоқ деп отыр олар.
– Автобус аккумуляторының сымдары тұйықталып қалған. Түтін содан шығып отыр, – деп түсіндірді ЖТБО директоры Ернар Мұстафин.
Мұстафинның айтуынша, автобустар күнде таңертең жолға шықпас бұрын тексерутен өткізіледі. Бірақ электр сымдарын күнде тексеріп жатпайды екен. Күн аралатып қана қарайтын көрінеді.
видео және фото ustinka.kz сайтынан