KZ
Өскемен
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Өскемендегі Меновное орта мектебінің оқушылары батпақ кешіп жүр (фото, видео)

1.09.2018, 06:58 73

Барлық мектептерде бүлдіршіндер үшін жаңа оқу жылының басталуына орай салтанатты жиын өтті. Осындай жиындардың біріне аттанған Меновное кентінің тұрғындары балаларымен бірге толарсақтан саз кешіп, батпаққа батыпты.


Балшыққа малынып, әбден күйісі кеткен ата-аналар әлеуметтік желіге сол күннен түсірілген фото және бейнежазбаларды жүктеп, жарыса талқылауда.


Толассыз жауған жаңбыр Меновнойдың ішек-қарыны шығып, қопарылып жатқан көшелерін тұтас батпақ пен көлшікке айналдырып жіберген. Оқушылардың жаңа оқу жылына деп алған су жаңа мектеп формалары мен аяқ-киімдері қап-қара батпаққа боялып, салтанатты жиынға осылай жеткен түрлері бар.




Тұрғындардың айтуынша, мектеп әкімшілігі қар түсіп, жердің беті қатқанша  батпақ кешесіңдер деп сендірген көрінеді. Демек, көктемде жалғасы болады...


Осыған орай мектепте жаңа ереже орнатып та қойыпты: енді балалар өздерімен бірге ғимараттың ішінде киетін қосымша аяқ-киім алып жүру керек екен. Ата-аналар келіп жатса, бахилла кисін. Әйтпесе ешкім мектептің табалдырығынан да аттамайды... Талап солай.


-Бір үйде алты балалы отбасылар бар, - дейді ата-аналар. – Әр қайсысына бір аяқ-киімді әзер әперіп жүргендер қайтпек сонда?


Мектеп әкімшілігі бұл жағдайға өздерінің кінәлі емес екендерін алға тартып, ат-тонын ала қашқан. Кінәлі кім? Кәріз жүйесін тартамыз деген желеумен жолдың барлығын қазып тастаған коммуналдық қызметкерлер екен. Олардың да өз себебі бар, әрине. Бірақ дәл осы мектептің оқушыларының балшық кешіп жүргендеріне бірнеше жыл болған деседі.  Бірнеше жыл қатарынан тартылмай жатқан қандай «қырсық» кәріз бұл?


-Неше жыл болды, ары-бері сумен, батпақпен жүргенімізге, - дейді бейнежазба арқылы қала басшылығына үндеу жасаған ата-аналар. – Асфальт болмаса да, балалар үшін тым болмаса құм-тас төсеуге болады ғой.


Бір мәселеге мың сылтау айтылатын бұл заманда зардаптың ең ауырын осылай қарапайым халықтың кешетіні қынжылтады.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив