KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Мәулен Әшімбаев: Бизнеске несие беруді жалғастыра беру керек

25.08.2018, 06:25 117

"Шығыс Қазақстанда Елбасы тапсырмалары лайықты жүзеге асырылып жатыр"


Облысымызға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыстық кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлерімен кездесуі барысында осылай деді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының бірі – мемлекет тарапынан шағын несие беру екені белгілі. Соған орай осы бастаманың аймақта қалай іске асырылып жатқанымен танысу үшін мәртебелі мейман облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, ол жерде өз кәсібін дамыту үшін несие алып, жұмыс істеп жатқан бір топ кәсіпкерлермен емен-жарқын әңгіме өткізді, Президент бастамасының маңыздылығына жиналғандар назарын аударды.


Мұнда алдымен облыстық палатаның директоры Игорь Шацкий облыста атқарылып жатқан шаруаларды, облыс әкімінің бастамасымен кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған барлық қолдауларды баяндап өтті. Оның айтуынша, биыл 500-ден астам кәсіпкер «Бастау-бизнес» жобасына қатысып, өз кәсіптерін ашқан. Ағымдағы жылы тағы 2700 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып отыр.


Бүгінде өңір бойынша шағын несиені көбейту үшін қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген. Ал қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 377 адам қолжетімді шағын несиеге қол жеткізген. Жобалардың 85 пайызы мал шаруашылығына қатысты болса, қалған 15 пайызы қызмет көрсету саласын қамтиды. Яғни, дәмхана, көлік жөндеу бекетін, наубайхана ашқандар да аз емес. Сондай-ақ кәсіп ашуға ниетті жастардың қатары да артып келе жатқан көрінеді.


Жобаға қатысушылардың бірі – көкпектілік кәсіпкер Асқар Қажығалиев. Ол былтыр кәсіпкерлік оқу оқып, тоғыз млн. теңге несие алған. Бүгінде Көкжыра ауылында сүт өңдейтін цех ашып, сегіз түрлі өнім шығарады, аудан орталығында дүкен істеп тұр.


– Күніне бір тоннаға дейін ауылдың сүтін жинап өңдейміз. Бір жылдың ішінде он млн. теңгеден астам қаржының өнімін өндірдік. Жартысы еңбекақы болса, қалғаны керегімізге жұмсалады. Енді, сол таза өнімді аудандағы мектептер мен балабақшаларға да өткізсек, өнім көлемін арттырсақ деймін. Осындай пайдалы бағдарлама үшін Елбасына, облыс басшылыған алғысымды білдіремін, - дейді Асқар Қажығалиев.


Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып берді. Соның ішінде кәсіпкерлерге сатылатын, жалға берілетін бос жер телімдері жөнінде үйден шықпай-ақ бір дереккөзден толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін онлайн түрде ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет көрсететін порталдың жұмысын кеңінен түсіндіріп берді. Аталған портал барлық қолданушыға қолжетімді болмақ.


– Бүгін Шығыс Қазақстанға келген сапарымда Елбасының бес әлеуметтік бастамасының аясындағы шағын және орта бизнесті шағын несиелеу табысты жүргізіліп жатқанына, нақты нәтижелерге куә болдым. Облыс басшылығы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Президент шешімімен бұл үшін 20 млрд теңге бөлініп отыр. Оның бір бөлігі Сіздердің облыстарыңызға беріледі. Сондықтан несие беруді ары қарай да жалғастыра беру керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бастан аяқ қадағалайтын болады. Өңірлерде несие алуда қандай да бір мәселелер туындап жатса, оны облыстық әкімдікпен, мемлекеттік органдармен, Үкіметпен бірлесіп шешетін боламыз. «Атамекен» ҰКП бірге кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі. Себебі, шағын несие беру партияның іске асыратын басымды бағыттарының бірі. Сондықтан алдағы уақытта бизнестеріңізді кеңейтіп, бұдан да үлкен кәсіптер ашасыздар, жаңа жұмыс орнын құрасыздар деп сенемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, - деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив