KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 5 м/с, СШ
475.39 513.37 5.4

Өскеменде заңсыз орнатылған дүңгіршектер сүріледі

25.06.2018, 05:04 151

Өскемен көшелерінде тиісті құжаттары жоқ, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін 63 дүңгіршек бар. Бұл қалалық әкімдік өкілдері жүргізген рейд барысында анықталды.


Жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес арнайы мамандардан құрылған топ заңсыз орнатылған дүңгіршектерге тексеру жұмыстарын жүргізді.


– Шыны керек, мұндай орындарда әзірленген тағамдар санитарлық талаптарға сай келмейді. Соның салдарынан астан улану факторы туындайды. Жалпы, тұтынушыға көрсетілетін сервистік қызмет сапасын жақсарту үшін осындай келеңсіздіктердің алдын алу керек. Алдағы уақытта кәсіпкерлер палатасының шешімімен қаладағы барлық дүңгіршек бірыңғай сәулеттік стильде салынатын болады, - дейді қала әкімінің міндетін атқарушы Ольга Булавкина.


Айта кетейік, мамыр айында облыс орталығында заңсыз қойылған тоғыз дүңгіршек сүрілген. Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Амирбаевтың айтуынша, жеке кәсіпкерлердің дені «білгендерін» істеп, дүңгіршектерді қалаған орындарына қояды.


– Шаһар көшелеріндегі мұндай нысандарды бұзбас бұрын оның иелеріне ескерту жасалады. Егер берілген уақыт ішінде дүңгіршекті алып тастамаса, айыппұл салынады, - деді Руслан Амирбаев.


Рейд барысында Жібек жолы көшесінде заңсыз орнатылған «Шаурма» дүңгіршегінің иесі С.Әшірбаеваға ескерту жасалды. Анықталғандай, жеке кәсіпкер бұл аумақтағы жер учаскесін асхана ашу үшін алғаны белгілі болды. Рейдте Ольга Булавкина аталмыш нысанды сол күні алып тастау жөнінде тапсырма берді.


– Алдағы уақытта бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Осылайша, заңбұзушылықтардың алдын аламыз. Жалпы дүңгіршек орнату үшін жеке кәсіпкердің қолында барлық санитарлық талаптарға сай екендігі туралы құжат болуы тиіс. Бұдан бөлек жер учаскесін жалға алу жөнінде рұқсаты керек, - дейді Ольга Булавкина.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив