ШҚО-дағы ауылдардың бірінен есірткі сатқан ер адам ұсталды
Семей қаласының аумағында 2018 жылдың 28-ші мамырынан бастап маусым айының біріне дейін есірткі саудасының жолын кесу мақсатында "Канал-Кордон" жедел алдын алу шарасы өткізілді.
Алғашқы рейд кезінің өзінде-ақ, қаламыздағы ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі мен ШҚО ІІД-нің Семей қаласы бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері бірігіп, «Кенеттен бақылап сатып алу» тәсілі бойынша ШҚО-ға қарасты ауылдардың бірінен 42 жастағы ер азамат «гашиш» есірткі затын 30 жастағы Семей қаласының тұрғынына 80 мың теңгеге сату кезінде ұсталған. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат 504 грамм «гашиш» екені нақтыланды.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері қазіргі таңда тұрып жатқан тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде тағы да 31,93 грамм «кептірілген марихуана» тауып алды. Қазір аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабы, 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.