KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
491.71 529.97 5.05

"Жаяу-жалпы жүреміз" Ауыл әкімдері қызметтік көліктеріне мінуге қорқатындарын айтты

28.05.2018, 12:28 117

     Екі жарым мың  мен он мыңға дейін халықты басқарып отырған ауыл әкімдерінің жалақысы неге бірдей? Ауыл атқамінерлерінің беделін қалай көтеруге болады? Оларды кімдер сайлағаны дұрыс: халық па, әлде  депутаттар ма?


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылуын бағалау және оған  сыртқы сараптама жасау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында қанатқақты жоба аясында оқып жатқан ауылдық округтердің, кенттердің әкімдерімен кездесу барысында осындай мәселелер сөз болды.


- Әрқайсыңыз бір-бір ауылды басқарып отырған азаматсыз, сіздердің ұсыныстарыңыз бізге ауадай қажет. Мемлекеттік қызметті қалай өркендетсек, жемқорлықпен қалай күрессек, осыған қатысты ой-пікірлеріңізбен ашық бөліссеңіздер. Сіздердің айтқандарыңызды төкпей-шашпай, Агенттіктің төрағасына жеткізер едік,- Мемлекеттік қызмет агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.


Осыдан кейін-ақ, ауылдың атқамінерлері  өздерін толғандырған  мәселелерді қарша боратты.


Тұрғындардың тұрмыс жағдайын, проблемалары мен  қажеттіліктерін дәл сол ауылдың басшысындай ешкім білмейді.      Ауыл тізгінін ұстаған азаматтарды алдымен халықпен жұмыс істеу, оларға сөздерін өткізу толғандырады екен.


-Қазір халықтың бәрі сауатты, қит етсе аудан әкіміне, прокуратураға, тіпті облыс әкіміне дейін шағынады. Барлық адамға бірдей жақсы болу мүмкін емес. Ауыл әкімдерінің  беделін қайтсек көтереміз? Астанадан шалғай жатқан ауылдың бас көтерері де, сүйеніші де -жалғыз әкім. Ауыл әкімі әр тұрғынның қуанышы мен қайғысына ортақтасып,  сол отбасына міндетті түрде кіріп шығуы керек. Аудан орталығына бара қалсақ, бір жерден түстенуіміз қажет,  не болмаса шашымды алдыруым мүмкін дегендей. Үйде де, түзде де шаруамызды жаяу-жалпы тындыруға мәжбүрміз. Өйткені қызметтік көлікпен жүргенімізді байқап қалса, жеке басымызға пайдаланған болып шыға келеміз,– деді тарбағатайлық ауыл әкімдерінің бірі.


Алдағы уақытта ауыл әкімдері қалай сайланады?  Егер тұрғындар сайлайтын болса, ел ішінде руға, атаға бөліну сияқты келеңсіздік қайта белең алуы мүмкін деген күдіктерін де жасырмады әкім-қаралар. Ауыл ағасы осы уақытта дейін депутаттардың дауысымен анықталып келгендіктен, сайлау жақындаған сайын халық қалаулыларының көңілін табуға тырысқан жағдайлар да кездескен көрінеді. Бұл өз кезегінде «көз қысты, бармақ басты» қылмыстарына жетелуі де ықтимал.


Кездесуде халық санына қарамастан, барлық ауыл әкімдерінің бірдей жалақы алуына, еңбек өтілдерінің ескерілмеуіне де наразылық айтылды.


-Қазір Агенттіктің өзінде, Астана мен Алматы,  Маңғыстау облыстарында  мемлекеттік қызметшілерге еңбекақыны баллдық шкала бойынша төлеудің  жүйесі пилоттық жоба аясында қолға алынды. Жаңа жылдан бастап, жыл соңына дейін қолданушылардан түскен өтініш-ескертпелерді жинаймыз. Келешекте мемлекеттік қызметшілердің барлығы еңбекақыларын осы жүйемен алатын болады. Сіздердің бүгінгі айтқандарыңыз да ескеріледі, -  деп түсіндірді Арман Бердалин.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив