Өскемендегі Ворошилов көшесі Шайжүнісов деп аталуы мүмкін
Ворошилов көшесіне Жақия Шайжүнісовтің есімі берілуі мүмкін. Кеңес наркомы болған Климент Ворошиловтың атындағы көшенің атауын өзгерту туралы бастаманы «Центр активного долголетия» әлеуметтік бастамалар қоры мен «Казгипроцветмет» ЖШС көтеріп отыр.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көше атауын өзгерту туралы ұсыныс мәслихатқа жолданып, қоғамдық тыңдау өткізіледі.
-Көше атауын өзгерту барысында тұрғындардың пікірі ескеріледі,- деп атап өтті қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Осы мәселе қоғамда, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бір бөлігі көше атауын өзгерудің қажеті жоқ деген ойда болса, бірқатар зиялы топ өкілдері ендігі кезек алаш арыстарынікі еді деген көзқараста.
Облыстың ономастика және топонимикасын зерттеуші ғалым Бердібек Бияровтың айтуынша, облыс орталығында атауын өзгертуді қажет ететін 55 көрнекті көше бар.
- Қалада атауын өзгертуді қажет етін Киров, Орджоникидзе сияқты көшелер көп. Қазақтың ұлы тұлғаларын таластырмайық. Абаймен қиылысытан Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің есімі берілсе де артық етпейтін еді. Шайжүнісовтың де еңбегін жоққа шығармай, қаланың көрнекті көшелерінің бірін берейік,-дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров.