KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, В
485.04 525.98 5.04

Глубокое кентінде мәдениет үйі бой көтермек

6.04.2018, 17:26 258

Глубокоедай ауданға ұлттық рух қажет-ақ. Осыны сезінген ауданның өнерпаз қыз-жігіттері былтыр бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Ұшқын» жастар театры мен «Сарын» ансамблін құрды. Бүгінде аудан мәдениетін дамытуда тың жобалар қолға алынды.


Жуықта жұрт «Ұшқын» жастар театрының Қарттар үйі туралы «Барыңды бағала» спектаклін тамашалады. Бұл қойылым да әр кімнің жүрегінде ерекше әсер қалдырса керек. Спектакльде төрт ұлынан қайыр болмаған әке қарттар үйінен бірақ шығады. Шынайы өмірде де ұлттық санаға төніп тұрған мәселелердің бірі бұл. «Барыңды бағала» спектаклінің режиссері, Глубокое аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұлов та қазақтың тарихында болмаған осы үрдісті ауыздықтауды мақсат етті.



- «Ұшқын» жастар театры былтыр құрылып, бірнеше спектакль қойып үлгірдік. Бұйырса ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді жаңғырту бағытында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бізге ең бастысы текті ұлт екенімізді көрсету, - дейді Мейрамғали Дәрменқұлов.

Мейрамғали Қадырбайұлының бастамасымен құрылған жастар театры мен «Сарын» ансамблі аудан мәдениетінің дамуына тың серпін бергені сөзсіз. Басталған бұл жұмысты жалғастырып келе жатқан жалынды жастардың да еңбектері ерекше. Әлбетте, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Өткен жылдың өзінде ауданда екі мыңға жуық мәдени шара өткізген. VIII облыстық «Туған жер – алтын бесігім» атты акцияда Глубокое ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 3 жүлделі орынды қанжығалаған.


Сонымен қатар, «Айзада», «Прорыв», «Сонет», «Ирбис» сынды би ұйымдары да ауданның мақтанышы. Ұлттық мәдениет пен қатар өзге ұлттардың да өнерін дамытуға, шыңдауға бар тиісті жағдай жасалып отыр. Ол үшін аудан басшылығы ауылдардағы мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша білікті жас мамандарды тартуда. Ал зейнет жасындағыларға алғыс айтылып, құрмет демалысына шығарылып жатыр. Қазір ауданның мәдениет саласында 16 зейнеткер ғана еңбек етіп жүр. Олар орындарына жас маман келгенше келісімшарт бойынша қызметтерін жалғастыруда. Зейнеткерлік демекші, мереке-мейрамдардың көрігін қыздырып жүрген ардагерлердің ансамбльдері бар. Былтыр Б. Бартышев, Ю. Юрочкин, С. Ласьков, Ж. Қожатаев сынды өнерпаз ардагерлер «Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.  Ал он үш адамнан құралған «Асыл мұра» атты әжелер ансамблі он жылдық мерейтойларын тойлады. Міне, осындай өнер иелері ауданның мәдениетін көтеріп жүргендерімен, он мың халқы бар аудан орталығында Мәдениет үйі жоқ. Аудандық бөлім басшысының айтуынша, мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп қойған көрінеді. Демек, таяу арада құрылыс басталып та кетуі мүмкін.


Тағы бір сүйіншілі хабар - Глубокое кентінде тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музейге алғашқы тарихи заттарды жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары әкеліп тапсырды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұловтың айтуынша, музей толық жабдықтала қойған жоқ. Әлі де толықтырыла түседі. Бұл өлкенің тарихы да тереңде. Кейбір деректерде аудан атауы Ақтас болған деседі. Аудан, ауыл атауы демекші, Глубокое ауданында жер-су атауларын өзгерту қолға алынды.


Өткен жылы облыстық онамастика комиссиясының ғылыми сарапшысы Бердібек Бияров Глубокое ауданын аралап, көнекөз қариялармен сөйлесті. Өңірдің тарихымен танысты. Сөйтіп барып ауыл атауларын қазақшалау жөнінде негіздемелер жасап шықты. Мысалы; Быструха Ағынсу, Карагужиха Қарақоға, Секисовка Қарауылшоқы, Винное Бөлектау. Бердібек Бияровтың пайымдауынша, қазақша атаулар әр жердің тарихына, жеріне байланысты негізделіп отыр. Әрине, ауданда 54 ұлт өкілдері тұрғандықтан жер-су атауларын өзгертуде жиын өтіп, әр кімнің пікірі ескеріледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив